СҚО-да жұмыссыз жастар саны көбейген

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 7 ай ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайыздан 3,9 пайызға дейін өскен. Бұл туралы аталған өңірге жұмыс сапарымен барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, биылғы жартыжылдықта Солтүстік Қазақстан облысындағы жалдамалы жұмыскерлер саны 9,5 мың адамға азайған. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 5,2 мың адамға қысқарыпты. Дегенмен бұл ретте жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайыздан 3,9 пайызға өскен.

«7 айда Солтүстік Қазақстан облысында 9 548 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 5 928 адам қызметпен қамтылды. Бұл орайда, өңірде ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құру көрсеткіші төмен. Биыл тек 596 жұмыс орны ашылған. Қызылжар және Тайынша аудандарында бұл жұмыс мүлдем жүргізілмеді. Есіл, Айыртау және Шал ақын аудандарында көрсеткіш өте төмен», - деді министр.

Сонымен қатар, өңірде жұмысқа орналасқан азаматтарға міндетті зейнетақы аударымдарын төлеу көрсеткіші төмен. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында бұл меже 59 пайыз деңгейінде. Аймақтағы ең төменгі көрсеткіш Мамлют (37%) және Қызылжар (38,2%) аудандарында тіркелген. Министр сөзінше, Ұлттық жобалар шеңберінде Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Уәлиханов аудандарында жұмысқа орналасқандардың бірде-біреуі зейнетақы жарналарын аудармаған.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова Отбасының цифрлық картасын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Алғашқы нәтижелерге сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында 208 мыңнан астам отбасы бар. Олардың 99,6 мыңнан астамында тұрмыс жағдайы өте нашар. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы смс-хабарламалар алатын болады», деп атап өтті ведомство басшысы.

Бұдан өзге, министр жергілікті атқарушы билік органдарына мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселелерін шешуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар