СҚО-да жүкті әйелдің босануына көмектескен полицей марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әйелді босандыруға көмектескен полиция капитаны ҚР ІІМ «Құқықтық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін» медалімен наградталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің қызметкері Ольга Кангозина 8 қаңтар күні ауыл фельдшеріне толғағы қысқан әйелді босандырып алуға көмектескен.

Тергеуші болып жұмыс істейтін жедел уәкілдің айтуынша, бес жыл ішінде қызметіне байланысты түрлі қиын сәттерді басынан өткеріп, оған еті үйренгенімен, бұл оқиға оған ең қиын сынақ болған.

«Бұл тек менің ғана емес, дәрігерлердің де еңбегі. Медицина қызметкерлері мен полицейлер ең алдымен халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қызмет етеді», - дейді Ольга Кангозина.

Полиция капитанына медальді облыстық полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаев табыс етті.

«Полиция капитаны Кангозина оқыс жағдайда абдырап қалған жоқ. Бұл қазіргі қазақстандық полицейдің бейнесі. Тәртіп сақшысы психологиялық тұрақты, әрі жылдам қимылдайтын, жан-жақты дамыған, адамдарға қол ұшын созуға дайын болу қажет. Ольганың екі жоғары білімі бар, заңгер және психолог. Өзін-өзі дамытуға ұмтылу – нағыз кәсіби маманның тағы бір маңызды ерекшелігі. Лайықты марапат оны одан әрі дамуға ынталандыра түседі», - деді Марат Төлебаев.


Соңғы жаңалықтар