СҚО-да «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Жомарт жүрек» өңірлік байқауының қорытындысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» болып Геннадий Зенченко танылды.

Мамлют ауданы Бексейіт ауылының кәсіпкері Еркебұлан Мәмбетов белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясында жүзден жүйрік шықты. Еркебұлан Нұрмағанбетұлы елді мекенде балалардың ойын алаңын ашып, мектепке музыкалық аспаптар сатып алып берді. Бұдан басқа қыздар күресін дамытуға атсалысып жүр.

Өз ауданында волонтерлік бағытты белсенді дамытқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясында Василиса Толеу жеңімпаз атанды. Василиса 32 адамнан құралған топ құрып, 2017 жылдан бері қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып келеді.

«Полудина балалар үйіне, Петропавлдағы сәбилер үйіне барынша көмек көрсетеміз. Мереке сайын сыйлық жасаймыз, Петропавлдың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырдық. Болашақта балалар үйінің тәрбиеленушілерін елордаға да апарып, Нұр-Сұлтан қаласын көрсеткіміз келеді. Мен өзім «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша курстан өтіп, дәріханамды аштым», - деді кәсіпкер Василиса Толеу.

Елді мекендерді аббаттандыруға, демалыс бақтарды, алеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын жөндеуге және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсеткені үшін «Туған өлке» номинациясында Асылбек Кожахметов марапатталса, кәсіпкер Иван Фисенконың ЖШС-гі «Жылдың үздік ұйымы» атанды.

«СҚО әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм басқармасы» КММ мәліметінше, биыл «Жомарт жүрек» жобасына 46 лауреат қатысты.

Марапаттау рәсіміне 200-ден астам адам: ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен қаржы ұйымдары, мемлекеттік құрылымдар, Қазақстан өңірлеріндегі іскер әйелдер кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.

Соңғы жаңалықтар