СҚО-да жолға шығып кеткен жылқының кесірінен 3 жол апаты болған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бір айда жолға шығып кеткен жылқылар үш жол-көлік апатына себепші болды. Соның салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік апатына себепші болған малдың иелері жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Сондай-ақ зардап шегуші сот арқылы келген материалдық шығынды өндіріп алуға құқылы.

Мәселен Айыртау ауданында жол үстіне шығып кеткен 12 жылқы жүк көлігінің астына түсіп өлді. Жүргізуші жеңіл жарақат алды. Жылқышы малдың табыннан бөлініп кеткенін байқамай қалған. Ал Есіл ауданында жылқыны соққан көлік жүргізушісі мен оның жолаушысы ауыр жарақат алды. Бірнеше күннен кейін жолаушы әйел қайтыс болды. Аққайың ауданында да осыған ұқсас оқиға болып, екі адам зардап шекті. Барлық жол апаттары қараңғы кезде болған, көлік жүргізушілер жол үстінде жүрген малды соңғы сәтті байқаған.

«Малдың қатысы бар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізу қажеттігі жөнінде барлық аумақтық бөлімшелер ескертілді. Патрульді полиция қызметкерлері әсіресе қараңғы уақытта бұл мәселеге аса мән береді. Республикалық маңызы бар жолдардың үстінде немесе жаннында бос жайылып жүрген мал анықталған жағдайда тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органды құлақтандырып, малды жол маңынан әрірек айдап тастайды», - дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Төрт түлік малды арнайы белгі орнатылған жерден ғана жол үстінен айдап өткізуге болады. Полицейлер жүргізушілерге де жылдамдықты шектен тыс асырмауға кеңес береді. «Малды өткізу» белгісі тұрған жағдайда жылдамдықты азайту қажет. Сондай-ақ қараңғы түсісімен жолға жабайы аңдардың да шығатынын есте ұстаған жөн.

Соңғы жаңалықтар