СҚО-да жолды уақтылы тазартпаған мердігерлер айыппұл төледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары көктемде жолдардың жағдайын бақылауды күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолдардың сапасын тексеру жұмыстары күнделікті жүргізіледі.

«Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында жолдардың қардан тазартылуы бүгінгі күннің басты міндетіне айналған. Қардың дер кезінде шығарылмауынан жол тарылады, мұз қатып, ойықтар пайда болады. Бұл – жол-көлік апатына әкеледі», - дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Ал елді мекендерден шығарылмаған қар кейін еріп, жағдайды ушықтыруы мүмкін. Осыған орай полиция су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында жол қызметтерімен бірлесе әрекет етуі тиіс.

Марат Төлебаев аумақтық бөлімшелердің жеке құрамына жергілікті билік өкілдерімен, жол қызметтерімен, төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірге жұмыс істеп, жолдардың, шағын көпірлердің, су өткізгіш құбырлардың уақтылы қар мен мұздан тазартылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мамандардың айтуынша, республикалық жолдарда орналасқан 582 су өткізгіш құбырдың бүгінде 77-сі тазартылды.

Полицейлер екі айдың ішінде жолдың жағдайын 207 рет тексерген. Нәтижесінде 299 кемшілік табылды. Жергілікті атқарушы билік пен жол ұйымдарына міндетті түрде орындалуы тиіс 220 ұйғарым берілді. Түрлі жол учаскелерінің жағдайының нашарлығына байланысты лауазымды тұлғаларға 56 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның бесеуі бойынша алдында берілген ұйғарымды орындамағандар айыппұл төледі. Петропавл қаласы бойынша ғана 9 мердігер ұйымның жетекшілері мен өкілдері жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар