СҚО-да жолдарында 28 жаңа құрылғы мен 30 бақылау камерасы іске қосылмақ

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін жол жүрісі қағидаларын бұзу деректерін тіркейтін 28 құрылғы мен 30 бақылау камерасы іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 тамыздан бастап «Қауіпсіз қала» жобасы аясында бейнебақылау камераларының 30 данасын, сондай-ақ 28 аппараттық-бағдарламалық кешенді сатып алуға шарт жасалды. Құрылғылар жылдамдық режимінің бұзылуын, тоқтау сызығын кесіп өтуді, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтуді тіркейді, сондай-ақ көлік ағынындағы мемлекеттік нөмірлік белгілерді автоматты түрде танитын болады. Бүгінгі күні өңірде осы жүйелерді монтаждау, баптау және тестілеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендердің іске қосылуы туралы облыс тұрғындары мен қонақтарын алдын ала хабардар етеміз. СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының Facebook және Instagram-дағы ресми парақшаларындағы ақпаратты қарап отыруға кеңес береміз. Парақшаларда әкімшілік полиция жұмысының желісі бойынша өзекті ақпарат үнемі жарияланып тұрады. Онда жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендердің орналасқан орындары да көрсетіледі», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Айтуынша, бұл жұмыс көлік жүргізушілері тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын азайту және жол жүрісі қағидалары бұзушылықтарының алдын алу мақсатында қолға алынған.

Бүгінде облыс орталығы – Петропавлда жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркейтін 7 автоматты жүйе жұмыс істейді. Бұл – «Интегра» жүйесіндегі интеллектуалды көше қиылыстары және «Мираж» біріктірілген жүйелері. Бейнекамералардан тұратын бұл автоматты жүйе көлік ағыны жоғары қиылыстарда орнатылған. Нәтижесінде 9 айда автоматты бақылау-өлшеу құралдары жол жүрісі қағидаларын бұзудың 5 679 дерегін тіркеді.

Жалпы, жыл басынан СҚО жолдарында 221 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 35 адам қаза тауып, 321 адам жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар