СҚО-да жолаушылар көлігі апатқа ұшырап, 1 адам қаза болды, 5-еуі жарақаттанды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жолаушылар тасымалымен айналысатын шағын автобус жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылды. Салдарынан 17 жастағы бойжеткен қаза болды, 5 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 сәуір күні сағат 14.00 кезінде «Челябі-Новосібір» автожолының 557-шақырымында «ГАЗ-А65R52» маркалы көлік жол апатына ұшырады. Салдарынан 2005 жылы туған бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. 5 адам түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемелерге жеткізілді.

Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Басталған сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтайтын болады. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Оқиғаға қатысты жазба әлеуметтік желіде пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, жол-көлік апаты облыс орталығынан 20 км жерде, Асаново елді мекенінің маңында болған. Петропавл-Ганькино бағыты бойынша жүретін көліктің жүргізушісі ұйықтап кеткен деген болжам бар.


Соңғы жаңалықтар