СҚО-да жол жөндеуге бөлінген ақшаны талан-таражға салған шенеунік ұсталды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы тергеу изоляторында қамауда отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, СҚО әкімдігінің Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және жол-құрылыс компаниясының басшылығына қатысты жымқыру, пара беру және алу фактілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Олар Петропавл қаласының автожолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру, осы жұмыстарды орындаумен байланысты пара беру және алу бойынша күдікті.

Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етілуге жатпайды» делінген баспасөз хабарламасында.

Бұған дейін әлеуметтік желіде СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының тергеу изоляторында 20 қараша күні дауыс беріп жатқан видеосы жарияланды. Өңір журналистері № 656 «жабық» сайлау учаскесіне сайлаудың өту барысын түсіруге барған еді.


Соңғы жаңалықтар