СҚО-да жоғары оқу орнына және қазақ мектебіне Абай есімі беріледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының білім беру мекемелерінде Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай Құнанбаевтың мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар облыстың барлық білім ордасында кең көлемде ұйымдастырылмақ. СҚО білім басқармасы арнайы жоспар құрып, бекітті. Бүгін Петропавл қаласындағы оқушылар сарайында өткен «Хәкім Абай даналығы» атты кеш соның бастауы болды.

«Облыстағы барлық мектептерде Абай орталықтарын ашу жоспарланған. Ол жерде Абайтану пәндері қосымша сабақ ретінде өтетін болады. Жалпы жоспарымыз ауқымды. Түрлі викториналар, тәрбие сағаттары, конкурстар жоспарланған. Ұстаздар арасында халықаралық форум ұйымдастырамыз, сондай-ақ мұғалімдердің ғылыми зерттеулері бойынша кітап шығарамыз», - дейді облыстық білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова.


Кеште Абайдың өлеңдері оқылып, әндері айтылды. Көрерменнің назарына театрландырылған көрініс ұсынылды. Өңірдің зиялы қауым өкілдері жастар өнеге алар ойларымен бөлісті.

«Абайдың бойындағы, оның нақыл сөздеріндегі бар жақсы қасиет әр қазақтың бойынан табылса екен дейміз. Абай осыдан 1,5 ғасыр бұрын өмір сүрсе де, сол кездегі қазақтың мінез-құлқындағы, салт-санасындағы жағдайлар әлі өзгерген жоқ», - дейді кештің құрметті қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай.

Жақында Ұлы ақынның мерейтойына орай Петропавлдағы 19 ықшам ауданда орналасқан қазақ мектеп-гимназиясына Абай есімі берілмек. Облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Жансая Қайыпованың айтуынша, қазіргі уақытта қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Бұдан басқа М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы тіл және әдебиет институтына да қазақтың біртуар ақынының есімі беріледі деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар