СҚО-да жоғалған ер адамның денесі табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жоғалған ер адамның денесін құтқарушылар бір апта іздеп, судан алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында СҚО төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Мұратов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. Ер адамның денесі су бетіне шыққан.

«Ол жерде Есіл өзенінің тереңдігі 4 метрге дейін жетеді, енді 800 метр шамасында. Ағыс оқиға болған жерден 8 шақырымға алып кеткен, яғни жағада көлігі қалған жерден 8 шақырымнан кейін табылды. Қазір марқұмның өзенге не үшін барғаны анықталып жатыр», - дейді Марат Мұратов.

Естеріңізге салайық, елулер шамасындағы ер адам 25мамыр күні Есіл ауданы Покровка елді мекені маңындағы Есіл өзенінде жоғалған еді. Қайыққа мініп, өзенге шыққан ол құлап кеткен. Тек бір аптадан кейін ғана марқұмның денесі табылды.

Марат Мұратовтың айтуынша, биыл өңірде 12 көл мен Есіл өзенінде суға шомылуға арналған 58 орын әзірленді. Қазіргі уақытта ол жерлер әзірленіп жатыр.

«Тұрғындарды, демалушыларды суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Арнайы жарақтандырылмаған жерлерде, мас күйде суға түспеңіздер. Балаларды су шомылуға жалғыз жібермеңіздер, үнемі көз алдарыңызда болсын. Былтыр 22 адам, соның ішінде, 6 бала суға кетті», - дейді басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар