СҚО-да жоғалған ер адам үш күн орманда тіршілік еткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында із-түзсіз жоғалған 31 жастағы ер адам орман ішінен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері Тайынша ауданындағы Димитровка ауылының 31 жастағы тұрғынын іздеп тапты. Ер адам дін аман. Ол бірнеше күн бойы Есіл ауданындағы Тораңғұл ауылының маңындағы орманда тұрған.

Ер адамның жоғалғандығы туралы өтінішті 30 қыркүйек күні оның анасы Тайынша ауданының полиция бөліміне жазған. Әйелдің айтуынша, ұлы 29 қыркүйек күні кешке ВАЗ-21120 автокөлігіне отырып, белгісіз жаққа кеткен.

Іздеу жұмыстарына Тайынша, Есіл, Қызылжар, сондай-ақ облыстық полиция аппаратының қызметкерлері тартылды. Барлық полиция бөліністеріне бағдарлар жіберілді, сондай-ақ волонтерлер мен ірі қоғамдық бірлестіктердің әкімшілері әлеуметтік желілерде із-түзсіз жоғалған адамның суреттері мен белгілері бар жазбалар орналастырды. Полиция қызметкерлерінің, жергілікті тұрғындардың және волонтерлердің қарқынды іздестіру жұмыстары нәтиже берді. Жергілікті тұрғындардың бірі полицейлерге Тораңғұл мен Иверск арасындағы жолда қараусыз қалған ВАЗ көлігін көргенін айтты. Автокөлік із-түссіз жоғалған адамға тиесілі болып шықты. Полиция қызметкерлері аумақты түгелдей шарлады, қызметтік-іздестіру иттері, сондай-ақ квадрокоптер пайдаланылды.

«Ер адам орманнан аман-есен табылды. Осы күндері, 29 қыркүйектен 2 қазанның таңына дейін ол орманда болған: шұңқыр қазып, жеркепе құрастырып, алмамен қоректенген. Ер адам туыстарына қайтарылды, үйден кетуінің себептері анықталып жатыр», - дейді криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Сейілхан Жұмағұлов.

Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер хабар-ошарсыз жоғалғандар бойынша 323 өтініш қабылдады, оның 318-і бойынша бүгінде іздеудегілер табылды.


Соңғы жаңалықтар