СҚО-да жерге қатысты апелляциялық сот пайшылардың мүддесіне шешілді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы сотының апелляциялық сатысы 880 пайшы мен кредиттік мекеме арасындағы 14 кепілшарттың күшін жоюға қатысты шешімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, 15 ақпанда облыстық соттың апелляциялық сатысының қаулысымен 2022 жылғы 9 желтоқсандағы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі өзгеріссіз қалды. Айыртау ауданының прокуроры «Жарқын СК» ЖШС-нің шартты жер үлестерінің 880 иегерінің мүддесін қорғап, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ мен «Жарқын-СК» ЖШС арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап арыз берген еді. Сот актісімен екі жақ арасында жасалған 14 кепілшарттың күші жойылды.

Жер заңнамасын бұзуға қатысты деректерді анықтау және тиісті шара қолдану, сондай-ақ пайшылардың жер пайдалану құқығын қорғау прокуратура органдарының басым міндеттерінің бірі.

Сот отырысында талапкер атынан шыққан прокуратура органы кредиттік мекемеден несие алу және оған мүлікті кепілге беру туралы жалпы жиналыстың хаттамалық шешімін қабылдау рәсімінің, сондай-ақ кредит беру тәртібінің бұзылғанын растайтын дәлелдерді келтірді. Сондай-ақ, «Жарқын-СК» ЖШС-і атқарушы органының қылмыстық әрекеттерін растайтын құжаттарды ұсынды.

Сот органдары ұсынылған дәлелдемелерді назарға алып, тиісті құқықтық баға берді.

Бұған дейін «Жарқын СК» ЖШС директоры мен бұрынғы директорына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілгенін айтқан едік. Серіктестіктің басшысы 2017 жылы құжаттарды қолдан жасап, пайшылардың жерін кепілге қойып, 600 млн теңгені қалтасына басқан. Қорытындысы бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды. Сот үкімімен оларға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.


Соңғы жаңалықтар