СҚО-да жерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты 70-ке жуық іс сотта жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жайылымдық алқаптарға сұраныс жоғары, қазіргі уақытта мал бағуға 547 мың га жер жетіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қоғамдық кеңестің кезекті отырысы жерге қатысты өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңірдің жер қоры – 9,8 млн га алып жатыр. Оның 7,3 млн га немесе 74 % ауыл шаруашылығына қолданылатын алқаптар. Бүгінде облыста 3 мыңға жуық шаруа қожалығы, фермерлік шаруашылық және 857 серіктестік жұмыс істеп жатыр. Алайда олардың арасында жерді дұрыс игермей және мақсатты пайдаланбай отырғандары бар.

«Президенттің тапсырмасына орай пайдаланылмай жатқан және заңсыз алынған жерлер қайтарылып жатыр. Нәтижесінде 142,3 мың га алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. СҚО жер ресурстарын басқару департаментінде 342 мың га бойынша жұмыс атқарылуда. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының қорадағы малдарына жайылымдық жер тауып беру мәселесі өзекті. Өңір бойынша жайылымдық жерге қажеттілік 547,1 мың га құрап отыр. Прокуратура органдары елді мекендердің жайылымдарын пайдалануға қатысты тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Мәлім болғандай, ауыл маңындағы жерлер жеке және заңды тұлғаларға жер заңнамасы бұзыла отырып берілген. Қазіргі уақытта 18 мың га жуық алқап бойынша сотта 71 іс қаралып жатыр.

«Сот арқылы қайтарылған жерлер ауыл тұрғындарының малын бағуға беріледі және осы мақсатқа қордағы жерлерден де және бұған дейін пайдаланылмай жатқан алқаптардан да берілуде. Осылайша өңірде жайылымдық алқап 588 мың га ұлғайтылды. Оның 114,4 мың га елді мекендердің жерлері, кейбір ауылшаруашылығы құрылымдарымен тұрғындардың малын жаюға қатысты меморандумдар жасалды», - дейді Мейрам Меңдібаев.

Ал шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға жер конкурс арқылы беріледі. Мәселен соңғы 5 жылда облыста 591 мың га алқапқа 90 конкурс өткен. Оның 126 мың га егістік алқап, қалғаны жайылымдық жерлер. Биыл 62 мың га алқап 14 конкурстың нәтижесінде шаруаларға берілген.


Соңғы жаңалықтар