СҚО-да жеңілдетілген дизель жұмыс істемейтін шаруашылықтарға бөлініп келген

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жұмысын тоқтатқан шаруашылықтар есебінен жеңілдетілген дизель отынының көлемін арттыру фактілері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, арзандатылған жанар-жағармайдың агроқұрылымдарға жетуі ведомствоның бақылауында. Сондықтан дизель отынының дұрыс бөлінуіне қатысты ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларымен, арзандатылған дизель отынын сататын кәсіпкерлермен және операторлармен кездесулер өткізіледі.

Дегенмен, операторлар тарапынан бірнеше рет шағымның түсуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізуге негіз болған.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізудің нәтижесінде, жұмысын тоқтатқан агроқұрылымдардың есебінен өңірге жеңілдетілген дизель отыны көлемінің қажеттілігін арттыру және оны операторлардың арасында әділетсіз бөлу деректері анықталды.

Департамент бақылауы нәтиже беріп, жанар-жағармай тапшылығына жол берілген жоқ.

Сондықтан, бұдан былай мұндай сыбайлас-жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында жеңілдетілген дизель отынын бөлудің әзірленіп жатқан ережелер жобасына ұсыныстар енгіздім», - дейді Сергей Перов.

Бұған дейін СҚО-ға көктемгі дала жұмыстарына биыл 74 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінетінін айтқан едік. Дәл қажет уақытта жанар-жағар май жетіспеушілігі туындамас үшін биыл сұйық отын өңірге бір ай бұрын жеткізіле бастады.


Соңғы жаңалықтар