СҚО-да жемқорлықпен күреске мешіт имамдары жұмылдырылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес енді жұма намазы кезінде насихатталып, уағыздар айтылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті мамандарының мәліметінше, дін қызметкерлерін ұйымдастырылып жатқан жұмыстарға тарту мақсатында бас маман Амангелді Сатанов Петропавл қаласы мешіттерінің имамдарымен кездесті.

«Сыбайлас жемқорлық - қоғамның серпінді дамуын тежейтін фактор. Оған қарсы күрес - бүкіл қоғамның ісі. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, экстремизмнің пайда болу себептерінің бірі - сыбайлас жемқорлық. Осыған орай, бұл індетпен күресу үшін оның кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік таныту - азаматтық қоғамда қолға алынуы тиіс», - дейді департаменттің бас маманы Амангелді Сатанов.

Департамент өкілдері Құран кәрімде: «Заңсыз бір-біріңіздің мүлкіңізді алмаңыз және басқа адамдардың меншігінің бір бөлігін күнә жолмен алу үшін судьяларды сатып алмаңыздар», - деп жазылғанын мысалға келтіруде.

«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажымен жұма күні СҚО-ның барлық мешіттерінде бірыңғай уағыз-насихат жүргізу туралы келісім жасалды. Петропавл қаласындағы жаңа мешіттің бас имамы Қасымхан қажы да осы бастаманы қолдады.

Департамент алдағы уақытта да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру іс-шараларын тұрақты негізде өткізуді жалғастырмақ.

Соңғы жаңалықтар