СҚО-да жемқорлық жайында хабарлаған 4 адам 800 мың теңгеден астам сыйақы алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл сыбайлас жемқорлық жайында хабарлаған төрт адам жалпы сомасы 816 мың теңге сыйақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің қызметі туралы ведомство басшысы Жарқын Ғалымов AnticorLive қызметінің тікелей эфирінде айтып берді.

СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биыл 59 қылмыстық істі тіркесе, соның 52-сі – сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Мемлекеттік органдардың 8 басшысы ұсталды, олардың екеуі облыстық, қалғаны қалалық-аудандық маңыздағы жетекшілер. Олар келтірген шығын 47,7 млн теңге, осы күнге дейін мемлекетке 91,1 %-ы немесе 43,5 млн теңгесі қайтарылды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жұмыстың пәрменді тетіктерінің бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу. Қазақстанда мұндай азаматтарды көтермелеуде жаңа сараланған жүйе енгізілді. Бұрын сыйақы қылмыстың санатына қарай төленетін. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық жайында хабарлаған адам параның мөлшерінен немесе келтірілген шығынның 10 %-ы шамасында сыйақы алады. Бірақ ең жоғары сыйақы 4 мың АЕК-тен, яғни 11,6 млн теңгеден аспауы тиіс», - дейді Жарқын Ғалымов.

Департамент осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық жайында хабарлаған 4 адамды көтермеледі, берілген сыйақының жалпы сомасы – 816 мың 760 теңге.


Соңғы жаңалықтар