СҚО-да жедел жәрдем, полиция мен өрт сөндірушілерді өтірік шақырған 90 адам жазаланды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында арнайы қызметтерді өтірік шақырып, «қалжыңдаған» 90 адам биыл әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қыркүйек күні сағат 11.30 шамасында полицияның кезекші бөліміне медициналық қызметтен хабарласады.

Оларға бір ер адам телефон шалып, Жұмысшы кентінде досының пышақ жарақатын алғанын айтқан.

«Жедел жәрдем» бригадасы айтылған мекенжайды таба алмаған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін патрульді полиция батальонының экипажы, жедел-тергеу тобы аттанды.

Шақырту өтірік болып шықты. Жедел жәрдем қызметіне облыс аудандарынының бірінің 48 жастағы тұрғыны хабарласқан екен.

Ол қоңырау шалған уақытта мас болған, осылайша қалжыңдап, көңіл көтермек болыпты.

«Арнайы қызметтерді өтірік шақыртуға әкімшілік жаза қарастырылған, айыппұл мөлшері – 30 АЕК мөлшерінде. Мұндай әр шақыртуға кемінде он шақты адам – патрульді полицейлер, жедел уәкіл, тергеуші, криминалист және көлік жүргізушісі, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы барады. Көрінеу өтірік хабарлау – құқықбұзушылық. Полицияның уақыты мен күшін босқа жұмсау, бұл уақытта олар басқа жерде керек болулары мүмкін», - дейді СҚО ПД штабы бастығының орынбасары Бақытжан Әлбеков.

Жыл басынан Петропавлдағы «102» қызметі 108 мың хабарландыруды қабылдаған, оның 22 мыңына полицияның жедел әрекеті қажет болды.

Ал жалған шақырту бойынша жыл басынан бері 90 адам жазаға тартылды. Оның 64-і - Петропавл тұрғындары.

Мұндай шақыртулар негізінен мас күйінде жасалады екен.


Соңғы жаңалықтар