СҚО-да жедел қызметтер бірнеше күн күшейтілген режімде жұмыс істеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше күн боран соғып, жедел қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Тек демалыс күндері ғана олар жолда қалған 20-дан астам көлікті қар құрсауынан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірде боран басылып, республикалық маңызы бар жолдардан шектеу алынды. Бүгінгі күні техника елді мекендерге жол ашып, жолдар қардан тазаланып жатыр.

«Демалыс күндері ұйытқыған боран мен көктайғақтан облыс жолдарындағы жағдай күрделене түсті. Патрульдік полиция экипаждары, құтқарушылар және өзге де қызметтер жолдардағы жағдайды тәулік бойы бақылап отырды», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыш.

Әсіресе Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Айыртау және Тимирязев аудандарындағы жолдарда жағдай қиындап, боранның салдарынан ондаған көлік: жеңіл, жүк машиналары, автобустар жолда қалды.

«Сенбі-жексенбі күндері ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Ауа райының қолайсыздығынан 20-дан астам көлік қар құрсауында қалды. 10 шақты жүк машинасының да аялдауына тура келді. Төтенше жағдайға жол бермеу үшін барлық жол учаскелері тәулік бойы бақылауда болды», - дейді Ғ.Мүсірепов аудандық полиция бөлімінің бастығы Айдос Ыдырысов.

Украина азаматы Виктор Ивашковський жасымық тиелген жүк көлігімен қар құрсауында қалып, бір тәулікке жуық уақытын жоғалтты. Полицейлер мен құтқарушылар шетел азаматына жанармай және азық-түлік жеткізіп, Көкшетаудан еліне бет алған жүргізушіге көмектесті.

Ал ресейлік азамат Ақжар ауданына қарасты Тұғыржап және Талшық елді мекендерінің ортасында тұрып қалған. Оның қиыршық тас тиеген «Урал» машинасы аударылды. Сол күнгі боран Перопавлдан Қостанайға бет алған автобус пен оның жолаушыларының да жолын бөгеді. Автобустың 12 жолаушысы мен екі жүргізушісі бір тәуліктен аса уақыт Шал ақын ауданынан шыға алмады. Аудан орталығы Сергеевкадағы жылыту пунктіне орналасқан олар техника жолды ашқаннан кейін сапарларын жалғайды.


Соңғы жаңалықтар