СҚО-да жазасын өтеушілер өз кәсіптерін ашып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пробация қызметінің есебінде тұрғандар «Бастау-Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің негіздерін меңгеріп, грант алып, өз істерін ашып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да былтыр «Бастау-Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы аясында сотталғандардың 23-і курстан өтіп, сертификат алды. Олардың алтауы өз бизнес-жобаларының тиімділігін дәлелдеп, 100 және 200 АЕК мөлшерінде грант алды.

«Бас бостандығы шектелген немесе түзеу жұмыстарына жегілген тұрғындардың, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың ең алдымен өз кәсібін ашуға деген ынтасы болуы қажет. Тілек білдірген жағдайда пробация қызметі кәсіпкерлер палатасы арқылы оларды курстарға жібереді. Сертификат алып, жобасын қорғағаннан кейін грант беріледі немесе шағын несие алуына мүмкіндік бар. Былтыр курстан өткен 6 адам грант алды», - дейді СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжанов.

Былтыр грант алған сотталғандар негізінен ауыл шаруашылығы саласын таңдап, мал-құс басын көбейтумен айналысып жатыр. Аяқ киім тігу шеберханасын ашып, балық өсіруді қолға алғандары да бар.

Биыл екі сотталған 555 мың 600 теңге грант алды. Жеке кәсіпкерлік ашқан Қызылжар ауданының тұрғыны өсімдік шаруашылығымен айналыспақ. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған ол пробация қызметінің де есебінен алынды.

Ал М.Жұмабаев ауданының тұрғыны 200 АЕК мөлшерінде алған грантына құс өсіруді көздеп отыр.

Мамлют ауданының 27 жастағы тұрғыны Ержан да пробация қызметінің есебінде тұр. Квота бойынша ЖШС-ке қара жұмысшы болып орналасқан ол жаңа кәсіпті меңгерді. Ол бүгінде өзі үйлерге су тартып, қажетті техниканы орната алады. Енді өз ісін ашуды жоспарлауда.

«Ұңғыма қаздырып, үйлеріне су кіргізіп жатқан тұрғындар көп. Бұл қызмет бүгінде сұранысқа ие. Қазір бұл жұмыстарды жеке кәсіпкерлік ашпай досым екеуміз атқарып жүрміз. Бірақ мұнымен кәсіби түрде айналысқым келеді. Келер жылға «Бастау-Бизнес» курсына жазылдым. Пробация қызметі қолдау білдірді. Грант берілген жағдайда оған қажетті қондырғы алмақпын», - дейді жазасын өтеуші Ержан.


Соңғы жаңалықтар