СҚО-да жазасын өтеушілер аттестат алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/6 және ЕС-164/3 мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар мектеп бітіріп, оларға негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттар табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы ЕС-164/6 әйелдер колониясында мектепте еркіндікте жүріп орта білім ала алмаған әйелдер оқиды.

«Заң бойынша сотталғандар орта білім алуға міндеттеледі. Жасы отыздан асқандармен білім алудың, сауат ашып, ой-өрісті кеңейту қажеттілігі туралы тәрбие жұмысы жүргізіледі. Кейбір әйелдер сотталғанға дейін оқығысы келмеген, кейбіріне өмірлік жағдайларға байланысты мұндай мүмкіндік болмады. Түсіндіру жұмыстары оң нәтиже береді. Білім алуға ұмтылу – оның өмірлік ұстанымдарының өзгеріп, дұрыс жолға бет алғанын білдіреді», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/6 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің жасақ бастығы Тана Қазжанова.

Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесінде де жазасын өтеушілерге аттестат беру рәсімі өтті.

«Коронавирусты инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында мектеп бітіруші жазасын өтеушілерге аттестат беру рәсімі барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра салтанатты жағдайда өткізілді. ЕС-164/6 мекемесінде 15 сотталушы мектепте оқиды. Олардың үшеуі – 9-сыныпты, төртеуі – 12-сыныпты бітіргендігі жөнінде аттестат алды. Ал ЕС-164/3 мекемесінде 10 адамға мектеп бітіргендігі жөнінде құжат берілді», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Сырттай-консультативтік пункттің оқытушылары жазасын өтеушілерге негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды табыс етті. Сондай-ақ, олар мектеп бітірушілерді құттықтап, туған-туысқандары мен жақындарына тезірек оралуын тіледі.


Соңғы жаңалықтар