СҚО-да жазасын өтеуші әйелдер тіккен киім-кешек балалар үйіне тапсырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында істі болған әйелдер қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне киім-кешек тігіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/6 мекемесінде әкімшіліктің қолдауымен балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсететін қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Былтыр тамыз айында қолданбалы өнер және көркемөнерпаздар секциясы құрылып, соның аясында жазасын өтеп жатқан әйелдерге мекеме басшылығы арнайы орын-жай әзірлеп берді. Тігін шеберханасын ашып, тоқып-тігуге қажетті құралдармен қамтамасыз етті.


«Әйелдер бұл жерде жаялық, жейде, сәбилерге арналған костюмдер тігеді. Пинетка, шұлық, гольфик тоқиды. Тоқып-тігуге қажет материалды жіп, мата Петропавл қаласының орталық мешіті қайырымдылық негізде қамтамасыз етеді. Дайын киім-кешекті екі айда бір рет жетім балаларға апарып береміз», - дейді ЕС-164/6 мекемесінің әділет капитаны Оксана Вышар.

Бұл жолы мекеме өкілдері жазасын өтеуші әйелдердің қолынан шыққан бұйымдарды сәбилер үйіне және балалар ауылына апарып табыс етті.

«Сотталған әйелдер бұл бұйымдарды асқан мейірімділікпен тігіп, тоқиды. Өйткені көпшілігін үйлерінде балалары, немерелері күтіп отыр. Сондай-ақ жетімдерге бұл жасаған өнімдері жылу сыйлайтынын білгендіктен бар ықыласымен тігеді», - дейді Оксана Вышар.


Соңғы жаңалықтар