СҚО-да жазасын өтеуші әйелдер флорист мамандығын меңгеріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әйелдер колониясында жазасын өтеушілер сәнді кәсіп – флорист мамандығын алып шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/6 мекемесінде сотталған әйелдерге арналған орта мектеп пен қоса колледж де өз жұмысын жалғастырып жатыр. Петропавл кәсіптік колледжінде әйелдер колониясынан 45 адам оқиды. Бұл жерде негізінен еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерге – сылақшы-сырлаушыға, тігінші, қаптаушы-плиташы және т.б. мамандықтарға оқытып шығады. Жаңа оқу жылында олардың қатарына жаңа мамандық «флористика» қосылды. Оны 11 сотталған меңгеріп жатыр. 10 айдан кейін қыз-келіншектер қолдарына мемлекеттік үлгідегі дипломдарын алады.

«Флорист мамандығын алып шыққандар кейін аулаларды, қала көшелерін көгалдандыра алады. Олар өсімдік түрлерін, олармен қалай жұмыс істеу қажеттігін меңгеріп шығады. Бұл мамандықты сурет салуға бейімі бар сотталушылар таңдады», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Биыл СҚО бойынша ҚАЖД мекемелерінде 9 сыныпқа - 8, 10 сыныпқа - 38, 11 сыныпқа - 26 сотталған барды.

«Бізге түскен қыз-келіншектердің көбінің мамандық түгілі, орта білімі жоқ. Біз оларды алдымен мектепте оқытамыз, кейін колледждерде білімдерін жалғастырып, мамандық алып шығады. Мүмкіндігіне қарай мекемеде жұмысқа орналастырамыз. Бұл жазасын өтеп шыққаннан кейін олардың ортаға тез бейімделуіне көмектеседі. Колледждерде сұранысқа ие мамандықтарды оқытамыз, бұл олардың бостандыққа шыққанда жұмысқа орналасуына сеп болады», - дейді Рустан Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар