СҚО-да жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілер қомақты айыппұл төледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаяу жүргіншіні өткізбеген көлік жүргізушілеріне айыппұл салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге қатысты Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін жүргізушілердің естеріне салды.

«Оқу жылының басталуына байланысты облыс орталығының жолдарында жаяу жүргінші - оқушылар көбейді. Олар, әсіресе бастауыш кластың оқушылары мектепке көбіне ересектерсіз, өздері барады. Жүргізушілер мұны естен шығармай, жол үстінде сақ болуы тиіс. Жүргіншіге жол бермеген жағдайда жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзу туралы ҚР Кодексінің 600-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Қыркүйек айында жүргізушілердің тәртібі әлдеқайда жақсарған. Бұл айда жүргіншілерге жол бермеудің 26 фактісі анықталды. Жыл басынан осыған ұқсас 600-ден астам дерек тіркелді. Аталған құқық бұзушылық үшін солтүстікқазақстандық жүргізушілер 6 млн астам теңге айыппұл төледі.

Қыркүйек айында полицейлер Жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 3 мыңнан астам фактіні анықтаған. Оның 425 фактісі – белгіленген жылдамдықты асыру, 341-і – жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы. 34 жүргізуші көлік құралын мас күйде жүргізгені үшін ұсталды.



Соңғы жаңалықтар