СҚО-да жатыр мойны обырынан былтыр 11 адам қайтыс болды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Елімізде қаңтар айының соңында онкологиялық ұйымдарда жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға бағытталған түрлі іс-шара өтеді.

Таралуы бойынша жиі кездесетін қауіпті дерт сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында осы обыр жаңадан 77 әйелде анықталса, 11 адам қайтыс болды.

ҚазАқпарат тілшісіне облыстық онкологиялық орталықтың онкогинекологы Ирина Астанина жатыр мойны қатерлі ісігі жайында, оның алдын алу жолдары туралы айтып берді.

СҚО көпсалалы аурухананың онкологиялық орталық онкогинекологы Ирина Астанинаның айтуынша, жатыр мойны обыры диагностика мен емдеу саласында қол жеткізілген белгілі бір жетістіктерге қарамастан, әлі күнге кең таралған. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1500-ден астам жаңа жағдайы анықталады. Оның 80,4% обыр I-II сатысында анықталса, сырқаттардың 3,5% ауруды асқындырып, IV сатысында ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді екен. Соңғы кезде репродуктивті жастағы әйелдер көп ауыратын болған. Яғни 35 жасқа дейінгі қыз-келіншектерде жатыр мойны обырының өсу тенденциясы байқалады, ауру «жасарып» келеді.

«Жас әйелдердің арасында қатерлі дерттің көбеюінің бірнеше себебі бар. Бұл медицина қызметкерлерінің халық арасында жүргізетін түсіндіру жұмыстарының төмен деңгейін, сондай-ақ жатыр мойны обырына әкелетін ауруларды уақтылы анықтамауды және емдеуді көрсетеді. Медицина қызметкерлері кез-келген жастағы әйелді тексеру кезінде аса сақ болғаны жөн», - дейді Ирина Астанина.

Дәрігердің айтуынша, жатыр мойны ісігіне әкелетін бірнеше фактор бар. Олар: жыныстық қатынасқа 14-18 жастан түсу, ерте жүктілік, жыныстық серіктестерді жиі өзгерту, әйелдерде немесе оның жыныстық серіктесінде папилломовирустық немесе герпетикалық инфекцияның болуы, анамнезінде жиі түсік жасату, күніне ең кемінде 5 рет темекі шегу, жатыр мойны патологиясын - эрозия, дисплазия, лейкоплакия, полиптерді уақтылы емдемеу, тұқымқуалаушылық, иммунитет тапшылығы, гормоналды контрацептивтерді қабылдау.

«Жатыр мойны қатерлі ісігі – ұзақ уақыт бойы белгі бермей дамитын дерттердің бірі. Көбінесе әйелдер қан аралас бөлінулерге, ауырсынуларға шағымданады. Жалпы қан кету - ең көп таралған клиникалық симптомы. Аурудың бастапқы сатысында қан жыныстық қатынастан немесе жатыр мойнын тексеруден кейін кетуі мүмкін. Әдетте әйелдің белі, төменгі жағында ауырсыну пайда болады. Ал метастаза кетіп, ісік басқа мүшелерге тараған жағдайда адамның дене қызуы көтеріліп, аяқ-қолы ісінеді, ішек, несеп шығару жүйесі бұзылады. Жалпы белгілеріне келетін болсақ – әлсіреу, тез шаршау, тәбеттің болмауы, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі, дене салмағын жоғалту», - дейді онкогинеколог.

Маманның айтуынша, көпшілік онкологиялық ауру диагнозы қойылысымен күйзеліске түсіп кетеді. Бұл дұрыс емес. Үрейленуге негіз жоқ. Обыр ерте сатысында анықталған жағдайда толық тәуір болады немесе тиісті дәрі-дәрмекті қабылдап, әрі қарай өмір сүре береді. Ең бастысы үміт үзбей, өмірді сүю қажет.

«Қазіргі уақытта жатыр мойны обыры негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі. Ол – хирургиялық емдеу тәсілі, химиялық және сәулелеік терапия. Бұл тәсілдердің ең тиімдісін дәрігер сырқаттың жағдайына, обырдың сатысына және басқа да көптеген жайттарды ескере отырып белгілейді.

Елімізде бұл қауіпті дерттің алдын алу үшін, денсаулықты жақсарту үшін заман талабына сай жағдайды жасап келеді. Тек халық дер кезінде барып скринингтен өтсе болғаны. Қыз-келіншектер гинекологтың тексеруінен тұрақты түрде өтіп тұруы қажет. Жатыр мойны обырының алдын алу үшін папиллома вирусына қарсы екпе алуға болады. Ол обыр дертіне шалдығу деңгейін едәуір төмендетеді. Жалпы әр қыз-келіншек өз денсаулығына немқұрайлы қарамаса екен», - дейді Ирина Астанина.

Облыстық онкологиялық орталықтың мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 544 әйел жатыр мойны обырынан диспансерлік есепте тұр. Былтыр бұл дерт 77 адамда анықталды, 11 әйел аурудан қайтыс болды.

28 қаңтар күні орталық жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға бағытталған іс-шара аясында «ашық есік» күнін өткізбек. Онкогинекологтар таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін қабылдау жүргізеді.


Соңғы жаңалықтар