СҚО-да жасы 60-тан асқан егде кісілердің 18 пайызы ғана вакцина алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ақпаннан бастап екпе алған 2567 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, өңірде 251 мыңға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін алды.

Бұл - жоспардың 67,7 пайызы, ал облыс бойынша жоспар – 370 мың адам.

Бұл - өңірдің ересек тұрғындарының 91 пайызы. Әлі 119 мыңнан астам адам егілген жоқ.

Екінші компонентін әзірге 233 мың адам алды, бұл - 62,9 %.

«Облыста жасы 60-тан асқан 134 мың адам бар. Олардың тек 24 мыңнан астамы ғана екпе алған, бұл - 18 %. Яғни әлі 109 мың адам алуы тиіс. Қазір стационарларда жатқан 793 науқастың 80 %-дан астамы – осы егде жастағылар. Оның барлығы - вакцина алмағандар», - дейді Нұрлан Айманов.

Бүгінге дейін СҚО-да 289 адам коронавирустан қайтыс болды. Яғни қауіпті инфекцияның «дельта» штамы пайда болғалы, 15 шілдеден бастап 246 адам көз жұмды.

Оның 80 пайызы – 60 жастан асқандар және оның бәрі - вакцинациядан өтпегендер.

«Инфекциялық стационарларға вакцина алып түсіп жатқандар да бар, өйткені екпенің толық компонентін алғаннан кейін 45 күн өткесін ғана адамда иммунитет пайда болады. Оған дейін ағза қорғалмаған. Яғни осы уақыт өтпейінше, вакцина алса да жұқтыру қаупі жоғары. Вакцинация басталғалы өңірде екпе алған 2567 адамның ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Бұл барлық ауырғандардың тек 1 %-ы ғана. Олардың 72 %-ында ауру белгілері болмаған немесе жеңіл өткерген. Ал 28 %-ынан астамы, бұл – 727 адам стационарларға жатқызылған. Бұл адамдардың 47-сі жансақтау бөлімінде жатты, олардың көпшілігінің ілеспе аурулары болған», - дейді Нұрлан Айманов.

1 шілдеден бастап 28 қазан аралығында инфекциялық бөлімшелерде вакцина алмаған 8100 сырқат емделген. Бұған қосымша 1300-ге жуық екпе алмаған сырқат жансақтау бөлімшелерінде жатты.

«Осының бәрін ескере келе біз сіздерді өз көзқарастарыңызды өзгертіп, вакцина алуға шақырамыз. Әсіресе қатер тобына жататын адамдар қауіпті дерттен сақтануы үшін екпе алуы қажет. Туған-туыстарыңызға түсіндіріп айтыңыздар. Ауру асқынбаған кезде вакцина алуға болады.

Медициналық қоғамдастық вакцинаның оң нәтижесі барлығына сенімді, сол себепті біз барлық тұрғындардан негізгі екі шараны орындауды сұраймыз. Оның бірі, бас санитар дәрігер айтып кеткендей, санитариялық талаптарды орындау, масканы дұрыс тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, адам көп шоғырланған жерлерге бармау, бата, ойын-тойларға бармау, өткізбеу. Ashyq қосымшасын пайдалану. Үй карантиніне отырғызылса, басқаларға жұқтырмай үйде отыру. Біз, медициналық қоғамдастық, коронавирус инфекциясынан қатты шаршадық. Біз оның таралмауына мүдделіміз. Вакцинация мен карантиндік шаралардың мақсаты – коронавирусты қарапайым инфекциялар деңгейіне түсіру. Ал оған біз карантиндік талаптарды орындап, вакцина алғанда ғана қол жеткіземіз. Инфекциялық стационарларға коронавирусты жұқтырғандар түспейтін болғанда ғана біз бұл дертті жеңдік деп айта аламыз. Сол кезде ғана медициналық қоғамдастық арқаны кеңге салып, басқа ауру түрлері бойынша сырқаттарға тиісінше көңіл бөле алады», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Маманның айтуынша, жаз уақытында вакцинация алғандардың саны тәулігіне 3-5 мың дейін жеткен кездер болған. Қазір көрсеткіш 300-500-ден аспайды екен.



Соңғы жаңалықтар