СҚО-да жасөспірімдерге екпе егу басталады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алдағы екі аптада 16-18 жастағы жасөспірімдерді вакцинациялау басталады. Кейін 12 жасқа дейінгі балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге де екпе егілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов өңірдегі коронавирус бойынша жағдай және вакцинация барысы туралы айтып берді.

СҚО-да індет басталғалы коронавирус жұқтырудың 29 407 жағдайы тіркелген. Өткен тәулікте 163 адамда анықталды, олардың 90 %-ында ауру белгілері болған. Петропавлда ауырғандардың үлесі жоғары – 80 адам. 18 адам Қызылжар ауданында, 15 – Айыртау ауданында жұқтырған, қалғандарында көрсеткіш оннан төмен.

«Өткен екі аптада облыста қауіпті инфекция жұқтырудың 2128 жағдайы анықталды. Оның алдындағы ұқсас мерзіммен салыстырғанда 0,6 %-ға өскенін көреміз. Соның ішінде 96,7 %-ы эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша анықталған», - дейді Арман Күшбасов.

Жақында республиканың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер екпе ала бастайды. СҚО-ға Pfizer компаниясының вакцинасы алдағы екі аптада жеткізілмек.

«Естеріңізге саламын, 12 жастан асқан жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерге және бала емізетін әйелдерге босанғаннан 42 күн өткесін вакцина қойылады. Бұл санатқа жататындарға Pfizer компаниясының вакцинасы егіледі, оның құрамында вирус жоқ, сондықтан КВИ инфекциясын тудыра алмайды. Ең алдымен 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге екпе егіледі. Кейінгі кезеңдерде қалған жастағыларды қамтимыз. Жасөспірімдерді вакцинациялау ерікті түрде, ата-ананың жазбаша рұқсатымен жүргізіледі», - дейді санитар дәрігер.

СҚО-да осы күнге дейін 253 129 адам вакцинаның бірінші компонентін алды. Жыл соңына дейін 370 мыңнан астам адам екпе алуы қажет. Бұл өңірдің ересек тұрғындарының 90 %-ы. Әзірге 68 %-ы ғана вакцинацияланды. 235 978 адам толық курстан өтті. Бұл шамамен жоспардың 63 %-ы.


Соңғы жаңалықтар