СҚО-да жасөспірімдердің мотивациялық кітаптарға сұранысы жоғары

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқуға бетбұрыс бар, кітапханалардағы арнайы жобалар нәтижесін беріп, оқырмандар саны артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасына келетіндердің ең кішісі 3-4-тегі балақай болса, тұрақты оқырмандардың ішінде егде жастағы адамдар да баршылық. 1963 жылы негізі қаланған мекеменің қорында бүгінде 212 мыңнан астам кітап бар. Оның 28 мыңға жуығы қазақ тіліндегі әдебиет.

«Былтыр мемлекеттік тапсырыспен 833 дана кітап түсті. Жылда мыңнан астам мерзімді басылымға жазыламыз. Жергілікті бюджеттен 1 млн-ға жуық теңге бөлініп, оған оқырмандарымыздың сұранысы бойынша кітаптар сатып алдық», - дейді кітапхананың әдіскері Майра Мақышева.

Кітапхананың оқырмандар саны бүгінде 16 мыңға жуықтаған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Майра Мақышеваның айтуынша, бір кітапханашы талап бойынша 750 оқырманға қызмет көрсетуі тиіс болса, мұнда әр кітапханашыға келетін адам саны мыңнан асып кеткен. Оның бәрі оқырман тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.

«Былтыр кітапханада 209 іс-шара ұйымдастырылып, оған 12 мыңнан астам адам қатысты. Түрлі тақырыпта, танымал адамдармен кездесулер өткізіп тұрамыз. Былтыр «Қарекет» қорымен ортақ жобаны жүзеге асырдық. Бір кітапты таңдап алып, оқушылар арасында байқау өткіздік. Балалар мазмұнын айтудан, шығарма жазудан жарысты. Ақшалай сыйақымен марапаттадық. Биыл да жалғасады деген үміттеміз», - дейді Майра Мақышева.

Кітапханаға келетіндердің негізгі бөлігін орта буын және жоғары сынып оқушылары құрайды. Бастауыш сынып оқушылары әдеттегідей ертегілерді таңдаса, жасөспірімдердің сұранысы өзгерген.

«Жасөспірімдер шетелдік жазушылардың шығармаларына басымдық береді. Комикстерді, қорқыныш туыратын шығармаларды, көркем әдебиетте фантастиканы таңдайды. Соңғы кезде жоғары сынып оқушылары арасында мотивациялық әдебиетті оқу сәнге айналған. Соның ішінде Конор Макгрегордың «Ережесіз өмір» атты шығармасын сұрайтындар көп», - дейді Майра Мақышева.


Соңғы жаңалықтар