СҚО-да «Жасампаздық жылнамасы» атты кітаптың тұсауы кесілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Soltüstık Qazaqstan» газетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған материалдар негізінде құрастырылған «Жасампаздық жылнамасы» атты кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасампаздық жылнамасы» жинағы - облыстағы қара шаңырақ «Soltüstık Qazaqstan» газеті ұжымының өз оқырмандарына айтулы мерекеге арнаған тартуы. «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры, журналист Жарасбай Сүлейменов бастаған тілшілер қауымының бірлескен еңбегі тұтас бір кезеңді қамтып, өңір тұрғындарының тұрмысын, олардың елдің қалыптасуы үшін қосқан үлесін паш етеді. Салтанатты іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, зиялы қауым өкілдері, басылымның ардагерлері мен журналистері, кітапхана қызметкерлері, жас қаламгерлер қатысты.

«Жаңа биік асуларды бағындыруға жұдырықтай жұмылған өңір жұртшылығының қажырлы еңбегі аз емес. Өтпелі кезең өткелдерінен өтіп, қиындықты еңсеру жолында қарышты қадам жасаған солтүстік облыстың ел тарихындағы бірегей белестері ауыз толтырып айтарлықтай. Еліміздің «Солтүстік қақпасы» атанған бұл өңірдің айшықты белестері, жаңа дәуірдегі бүгінгі тыныс-тіршілігі, жалпы саяси-экономикалық, әлеуметтік салаларда қол жеткізген толағай табыстары аталмыш жинаққа арқау болды», - дейді газет ұжымы.

Жинақ облыстық әкімдіктің қолдауымен Алматыдағы «Алтын кітап» баспасынан 1000 данамен жарық көрді. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген жинақтың тұсауын Ғани Нығыметов, Жарасбай Сүлейменов пен газет ардагері Амандық Жантеміров кесті.

«Баршаңызды еліміздің ең қастерлі мерекесімен құттықтаймын. Отыз жыл тарих үшін қас-қағым сәт, алайда еліміз осынау үш ондық ішінде әлемнің кейбір елдері жете алмаған белестерді бағындырды. Мереке қарсаңында әрбір азамат, әр ұжым, мекеме өз-өзіне 30 жылда не тындырдым, қандай белестерді бағындырдым деген сұрақ қояды. Соның ішінде «Жасампаздық жылнамасы» атты кітап облыстық «Soltüstık Qazaqstan» газетінің еліміздің Тәуелсіздігіне арнаған үлкен тартуы», - деді Ғани Нығыметов.

Сондай-ақ ол Құмар Ақсақаловтың атынан мерекеге орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, журналист Жарасбай Сүлейменов пен «Soltüstık Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Сағындық Мауғазинге облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.

Жиында «Soltüstık Qazaqstan» газеті ұйымдастырған жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы да шығарылды. Диас Аяған бірінші, Абылайхан Әшімхан екінші, Дәулет Құрмаш үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздар дипломмен және ақшалай сыйақымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар