СҚО-да жасалған тауарлар былтыр әлемнің 34 еліне экспортталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр берілген экспорттық сертификаттар саны 15% артты. Жергілікті өнім әлемнің 34 еліне экспортталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр палата мамандары тауардың шығу тегін көрсететін 3066 сертификат берді, оның 2624-ін жергілікті экспорттаушылар алған.

«Өткен жылды қорытындылайтын болсақ, экспорттық сертификаттарға да, ішкі айналым сертификаттарына да өтінімдердің көбейгенін байқаймыз. Біздің экспорттаушыларға берген сертификаттар саны 2022 жылы 15%, ал CT-KZ бойынша 32% өсті», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.

Былтыр СҚО өнімі әлемнің 34 еліне экспортталды, олардың ішінде Ресей, Бельгия, Әзербайжан, Иран, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай, Түркия, Ауғанстан, Нидерланды, Италия және тағы басқа мемлекеттер бар. Ең көп импорттаушы ел – Өзбекстан. Көрші мемлекетке негізінен бидай, кебек және бидай крахмалы жіберіледі.

Сондай-ақ өткен жылы Еуроодақ елдеріне де көптеген тауар түрі экспортталды. Иранға арпа, бидай, Ауғанстанға – ұн, тауық жұмыртқасы, Қытайға – бидай мен зығыр майы, Түркияға – қатты бидай мен жасымық жеткізілді.

Мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тауар жеткізушілер және қызмет көрсетушілер де отандық өндірушілер тізілімінде екенін растайтын Индустриялық сертификат алады. Былтыр осындай 7 сертификат берілген.


Соңғы жаңалықтар