СҚО-да жас қызды зорлаған 5 адамға үкім шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәмелет жасына толмаған қызды зорлаған 5 жігітке сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, былтыр 11 маусымда Петропавлдағы демалыс орындарының бірінде 5 жігіт кәмелетке толмаған қызды зорлап, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған. Қылмыскерлердің үшеуі сол кезде мас болған.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен анықталды.

Прокурор Р., С. және Б.-ны 16 жылға бас бостандығынан айыруды, М. және И.-ге қатысты 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі прокурордың ұстанымын қолдады. Жалпы қылмыстың бұл түріне 15 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сотталушылар өз кінәсін мойындамады және оларды ақтауды сұрады.

Сот мас күйде қылмыс жасауды ауырлататын жағдай деп таныды, И. мен М.-ның кәмелет жасына толмағанын есепке алып, жазаны жеңілдетті.

Сот Р., Б. және С.-ны 16 жылға бас бостандығынан айырды. Оларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Ал М. мен И.-ге кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімі – 10 жыл берілді. Сондай-ақ олар педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айырылды.

Сот жәбірленуші қыздың азаматтық талап-арызын толық қанағаттандырып, сотталушылардан моральдық зиян ретінде 10 млн теңге өндіріп алынатын болды.


Соңғы жаңалықтар