СҚО-да жас кәсіпкерлер қызмет көрсету саласына басымдық береді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы аяқталып, 600 адам кәсіпкерлік негізімен танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жастар екі апта бойы бизнесті жүргізудің қыр-сырымен танысып, маркетинг, нарықты талдау дағдыларын меңгерді. Бүгін алған білімдерін көрсетіп, бизнес-жобаларын қорғады.

«Менің тобымда 53 адам оқыды. Солардың 70%-і қызмет көрсету саласын таңдап отыр. Араларында инновациялық, әлеуметтік жобалар да бар», - дейді «Жас кәсіпкер» жобасының бизнес-жаттықтырушысы Әрсен Оразалинов.

Жобаларын сәтті қорғаған курсанттар 200 АЕК мөлшерінде грант алу үшін өтініш бере алады. Петропавл қаласының тұрғыны Григорий Родионов болашақта металл бұйымдарын жасамақ. Өз ісін ашуды жоспарлап отыр. Грант ұтып алған жағдайда ақшаны қондырғы сатып алуға жұмсайды.

28 жастағы Қайрат Жұмади Петропавлда емдеу-оңалту орталығын ашпақшы. Ойын жүзеге асыру үшін гранттан бөлек несие де алуы керек.

«Қазір буыны сырқырап, омыртқа жотасы ауыратындар өте көп. Қалада арнайы тренажерлары бар орталықтар санаулы ғана. Сондықтан менің емдеу-оңалту орталығыма сұраныстың жоғары болатынына сенімдімін. Медициналық білімім бар. Енді арнайы тренажерларды сатып алу қажет. «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен менің көптен бергі арманым орындалмақшы», - дейді Қайрат Жұмади.

Облыста «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша екі легте 600 адам білім алды. Олардың 70-іне алғашқы гранттар 200 АЕК немесе 505 мың теңге бөлінді. Қалғандарының өтініші ай соңына дейін қаралады.

Жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды қолдау мақсатында облыста 24-шілде күні «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы бастау алды. Курстан өткен тыңдаушылар енді өз істерін аша алады. Ал 9-қыркүйек Петропавлда «Бастау» жобасы бойынша оқу басталады.










Соңғы жаңалықтар