СҚО-да «Жас кәсіпкер» бағдарламасына 600 адам қатысады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында оқусыз, жұмыссыз жүрген жастарға арналған жаңа «Жас кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламасы шілденің 24-інен бастап жүзеге аса бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жас кәсіпкер» республикалық жобасы жылына 100 мың жасты қамтымақ. Бағдарламаға қатысушылар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, ісін дөңгелету үшін 200 АЕК мөлшерінде грант ала алады.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасының мақсаты жастарды кәсіпкерлікке тарту. Мемлекет осы жоба аясында жұмыссыз жүрген жастарға мүмкіндік бермек. Оқытып, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік грант береді, бұдан басқа несие, шағын несиелер береді. Жастар бұл қолдауларды толығынан пайдалана алады», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің жетекшісі Рақымбек Зейнуллин.

Курстарға қабылдауды өңірлік кәсіпкерлер палатасы шілденің 22-23-і күндері жүргізді. Нәтижесіне қарай Петропавлда ғана емес, аудан орталықтарында да оқу топтары құрылуы мүмкін.

«Жобаға қатысу үшін Кәсіпкерлер палатасының филиалдарына немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына, елді мекендердің әкімдіктеріне бару қажет. Ол жерде өтініш жазып, сауалнама толтырады. Өзімен бірге жеке куәліктің көшірмесін және мекенжай анықтамасын алуы қажет», - дейді Рақымбек Зейнуллин.

Оқу мерзімі 25 күнге шақталған. Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы төленіп, сертификат беріледі. Осы құжат арқылы кейін грант немесе несие алуға болады екен. Мамандардың айтуынша, «Бастау» бағдарламасы да жалғасын табады.

«Жыл соңына дейін оқусыз, жұмыссыз жүрген 600 жасты оқытуымыз керек. Олар өздерінің шағын бизнестерін ашуға мүмкіндік алады. Бұл өздерін ғана емес, ата-анасын, отбасын қамтамасыз етуге үлкен көмек. Сондай-ақ «Бастау» бағдарламасы бойынша жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген тұрғындарды оқытамыз. Бұл жобамен жыл соңына дейін мыңнан аса адамды қамту жоспарланған», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев.

Соңғы жаңалықтар