СҚО-да жарты жылда 400-ден астам адам коронавирустан қайтыс болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте коронавирустан бір адам көз жұмды, індет басталғалы өңірде 452 қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, індет басталғалы облыста 452 адам коронавирустан қайтыс болды. Көз жұмғандардың 95 %-ы вакцина алмаған.

«Желтоқсан айының соңына қарай КВИ-дан қайтыс болғандар саны кеміді. Аурушаңдықтың төмендеуіне байланысты инфекциялық стационарларға жататындар саны да азайды. Қарашада жұқпалы аурулар мекемелерінде 869 сырқатқа дейін жатқан кездер болды. Тәулігіне 100 науқастан түсіп отырды. Сол кездері күнде 3-5 адам көз жұматын. Қазір 172 сырқат ем алып жатыр. Жансақтау бөлімшесінде 21 науқас бар, оның алдында 56 болған. Қарқынды терапия палаталарында да сырқаттар саны екі есе кеміді. Сондықтан коронавирустан қайтыс болатындар саны да кеміді», - дейді Нұрлан Айманов.

Маманның айтуынша, қазір тәулігіне 1-2 адам өмірден озады. Бұл еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда – көп. Жалпы «дельта» штамы пайда болған жарты жылдың ішінде облыста 408 науқас қауіпті инфекциядан қайтыс болған.

«Неге СҚО-да КВИ-дан қайтыс болғандар саны көп? Біздің өңірде егде жастағы тұрғындардың үлесі жоғары. Олар қауіпті инфекцияны жұқтырған кезде ауыр өткереді, әрі көпшілігі әлі күнге дейін екпе салдырмаған.

Тұрғындар тарапынан өкпе қабынбаса да бізді ауруханаға жатқызбады деген шағымдар жиі түседі. Мен тағы қайталап айтамын. Ауруханада қазір жатқандардың барлығы – өздігінен дұрыс демала алмайтындар. Яғни стационарға жатқызу үшін сырқатта аурудың белгілері болуы керек. Ол – ентігу, сатурацияның 93-тен төмен болуы, оттегінің жетіспеушілігі және интоксикация белгілері. Әрине, созылмалы ауруының барлығы және вакцина алған-алмағаны есепке алынады. Өйткені екпе алмаған жағдайда сырқаттың жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Жедел жәрдем, мобильді бригада қызметкерлері немесе учаскелік дәрігер осының барлығын ескеріп барып қана стационарға жолдама береді», - дейді медициналық қызметкер.


Соңғы жаңалықтар