СҚО-да жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушылары үшін түскі ас тегін болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында СҚО әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Оқушылар мен олардың ата-аналары үшін жақсы жаңалықпен бөліскім келеді. Жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Осылайша, Петропавл қаласы мен облыстың барлық аудандарының бастауыш сынып оқушылары қамтылады. Осының арқасында ата-аналар отбасы бюджетін үнемдей алады. Қазір облыста аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтылғанын атап өткім келеді», - деп жазды Айдарбек Сапаров.

Қазіргі уақытта мектеп асханаларында түскі астың бағасы – 500 теңге. Алайда, оны күнделікті беруге әр ата-ананың қалтасы көтере бермейді.

Петропавлдық кәсіпкер Нұрлан Тілемісовтың айтуынша, балаларға ыстық тамақты тегін қылу – керемет бастама.

«Мен Петропавлдағы екі мектептің оқушыларын тамақтандырамын. Кейбір ата-аналар үшін балаларына түскі асты алып беру қымбат болғандықтан, мұндай оқушылар кондитер өнімдерін сатып алып, денсаулығына зиян келтіреді. Қазіргі уақытта №6 мектеп бойынша бастауыш сынып оқушыларының 90%-ы, ал №2 мектеп бойынша 30%-ы ғана күнделікті асханадан ыстық тамақ алып ішеді», - дейді ол.

Айта кетсек, облыста бүгінде 72 мыңнан астам оқушы бар. Оның 31 180-і – бастауыш сыныпта оқиды.


Соңғы жаңалықтар