СҚО-да жаңа бизнес бастамаларға былтыр 680 млн теңге грант берілді
2022 жылғы 25 маусым 14:54

СҚО-да жаңа бизнес бастамаларға былтыр 680 млн теңге грант берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр «Еңбек» бағдарламасына 20 мыңнан астам адам қатысса, соның 70 %-ы – ауыл тұрғыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық мәслихаттың кезекті ХVIII сессиясында тұрғындарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Халықты жұмыспен қамту іс-шаралары Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген. Осылайша өткен бір жыл ішінде СҚО-да 20 мың адам, оның 14 мыңы – ауыл тұрғындары, бағдарламаның игілігін көрді.

«Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 11 773 адам бос орындарға жұмысқа тұрды. Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығындағы қажеттілікті ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, еңбек ресурстарын қайта даярлауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде былтыр 424 адам қайта даярлықтан өтіп, соның 303-і жұмыспен қамтылды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту міндеті қойылған. Нәтижесінде 887 адам курстан өтті. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 1214 грант берілді, бұл – 680 млн теңге шамасында», - дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов.

Маманның айтуынша, жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында 3 млрд теңгенің 588 несиесі берілген. Ал бағдарламаның үшінші бағыты - халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 517 адам, жастар практикасына 439 адам, қоғамдық жұмыстарға 4009 адам, алғашқы жұмыс орнына 70 және «ұрпақтар келісімшарты» бойынша 14 адам жұмысқа орналастырылды.

Естеріңізге салайық, бұған дейін СҚО-да биыл 338 жасқа кәсіп ашуға жалпы сомасы 430 млн теңге грант берілетінін айтқан едік. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген 500 адам тегін алғашқы кәсіпті меңгере алады.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT