СҚО-да жаңа басқарма құрылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» жобасын жүзеге асыру мәселесі қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет цифрландыру мәселелерімен айналысатын бөлек басқарма ашуды жөн санайды. Өңірде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Оларды бақылауға алып, жаңаларын енгізу қажеттілігі туындап отыр. М. Қожахмет бұл мәселелерге жетекшілік ететін IT-мамандардан құралған топ қажет деген пікірді ұстанып отыр. Қазақстан өңірлерінде бұл проблеманы шешуге әртүрлі әдістер ұсынылды. Бірқатар облыстарда бөлек басқармалар ашылды.

«Біз де цифрландыру бойынша басқарма ашу жөнінде шешім қабылдауымыз тиіс. Бұл - келешегі бар бағыт. Барлық салаларда мемлекеттік қаражаттың үнемделіп жатқанын, қабылданған шешімдердің айқындылығын, жемқорлық қаупінің азайғанын көріп отырмыз. Қазір жұмыс жасап жатқан бөлімнің қаражаты жеткіліксіз», - деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл ұсынысқа қолдау білдірді.

М. Қожахметтің мәліметінше, қазіргі таңда цифрландыру элементтері барлық салаларға енгізіліп жатыр. Солтүстікқазақстандықтардың электрондық нұсқада алған қызметтерінің көлемі 70% артқан. Сондай-ақ, мобильдік «электрондық үкімет» қолданушыларының саны үш есе көтерілгені анықталды.

Соңғы жаңалықтар