СҚО-да жалған мәлімет арқылы 600 млн теңге несие алған кәсіпкер рақымшылыққа ілінді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бұған дейін жалған құжат арқылы 600 млн теңге несие алып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған кәсіпкерді аппеляциялық сот рақымшылықпен жазадан босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО сотының судьясы Ербар Қалиевтің айтуынша, бұған дейін Молдашевке бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін алдау арқылы ұрлау қылмыстық ісі бойынша жаза қолданылды. Енді аппеляциялық сот инстанциясы бапты қайта ауыстырып, ұйым басшысының өзге кредиторға немесе банкке несие алу үшін жалған мәлімет беруі бойынша істі қарады.

«Бұл екеуінің айырмашылығы неде? Алаяқтық болғанда, несие алған адам қарызды о бастан қайтармайтынын біледі. Яғни, 600 млн теңге алды, бірақ оны қайтаратын ойы жоқ.

Енді біздің жағдайға оралайық. Молдашев шынында да, 2017 жылы несиеге үлкен соманы алды, 2020 жылдың ақпаны қылмыстық іс қозғалғанға дейін Молдашев не істеді, ол келісімшарт бойынша гарант ретінде өзінің иелігіндегі «Корпорация Рамут» ЖШС белгілейді. Кейін 600 млн теңге несие алғасын осы серіктестік арқылы 2018 жылдың қаңтарынан қарашаға дейін ақша аударып, 18 операция жүргізген. Сома 14 млн теңгеден асады, «Рамут Агро Кемикал» ЖШС арқылы 16 операциямен 190 млн теңге ақша аударған. «Жарқын» ЖШС арқылы 3 операция жүргізіп, 2,5 млн теңгеге жуық қаражатты қайтарған. Нәтижесінде Аграрлық несие корпорациясына 207 млн теңгеге жуық ақшаны аударған.

2019-2022 жылдар аралығында қылмыстық іс қозғалғанға дейін азаматтық сот ісін жүргізу аясында атқарушылық әрекеттер жасалған. Молдашевтің мүлкіне тыйым салынған. Мүліктің жалпы сомасы шамамен 179 млн теңгеге сәйкес келеді» - дейді Ербар Қалиев.

«Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ алынған несиенің есебіне «Жарқын» ЖШС-нің заманауи техникасына, ғимараттарға тыйым салынған. Осылайша қарызды қайтаруға жалпы 606 млн теңге қаражат алынған.

«Пайлары бар тұрғындардың арыздары қаралды. Олардың жерлері кепілден босатылып, қайтарылды.

Облыстық сот Молдашевті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырған кезде азаматтық соттың шешімі шыққан жоқ, яғни, жердің қайтарылғаны есепке алынбады», - дейді судья.

ҚР ҚК 219-бабы бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бостандығын шектеу немесе 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Бұл бап бойынша жаза ауыр болмағандықтан сотталушыға ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық қолданылып, Молдашев бостандыққа шықты.

СҚО прокуратурасы осы іске қатысты түсінік берді.

«Петропавл қалалық сотының Молдашевқа қатысты үкімді өзгертуімен СҚО прокуратурасы келіспейді. Сондықтан аппеляциялық инстанцияның қаулысының күшін жою бойынша өзінің түбегейлі ұстанымымен кассациялық өтініш береді», - делінген хабарламада.

Бұған дейін СҚО-да «Жарқын-СК» ЖШС басшысы сотталғандығын айтқан едік. Ол ауыл тұрғындарының жер үлесін жалған құжат жасау арқылы банкке кепілге берген. Осылайша 600 млн теңгені қалтасына басқан.


Соңғы жаңалықтар