СҚО-да жағдай тұрақты және бақылауға алынған – Құмар Ақсақалов

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдегі жағдай бойынша мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов сөзінің басында бүгін елімізде жалпыұлттық аза тұту күні екенін еске салып, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.

Өңір басшысының айтуынша, қазір облыста ахуал тұрақты. Өңірде осы күндері зардап шеккендер болған жоқ. Мүлікке зиян келген жоқ.

«Жағдайға түсіністікпен қараған облыс тұрғындарына алғыс айтамын. Төтенше жағдай режимінде өмір сүріп жатқанымызға бес күн болды. Өңірге кіреберістерге бекеттер қойылды. Мемлекеттік органдар мен маңызды нысандар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Азық-түлікпен қамтамасыз етілді», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, СҚО-да газ бағасы елдің басқа өңірлеріне қарағанда қымбат деген ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Монополияға қарсы агенттік тексеріп, нәтижесінде СҚО, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында автогазға бағаның бірдей екенін анықтады.

«Осы күндері еліміз бойынша интернет белгілі бір уақытқа ғана беріліп тұрды. Күн сайын оның уақыты ұзартылады. Облыста банкоматтарға ақша салу жұмыстары жүргізілді, негізгі банкоматтарда ақша бар. Қаладағы бірқатар супермаркеттер арнайы желі арқылы ақшасыз төлемдерді қабылдап келеді. Халық банктің облыстағы бөлімшелері өз жұмысын бастады. Банктерге арнайы күзет қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде жағдай тұрақты өңірлерде төтенше жағдай кезең-кезеңімен алынады деп айтты. Біздің облыста алғашқылардың бірі болып төтенше жағдай алынады деп күтілуде», - деді СҚО әкімі.

Бұған дейін СҚО коменданты атқарылған жұмыс жайында ақпарат берген еді. Марат Төлебаевтың айтуынша, төтенше жағдай енгізілгелі полиция органдарына барлығы 255 адам жеткізілді, оның ішінде 72 адам режимді бұзғаны үшін ұсталды.



Соңғы жаңалықтар