СҚО-да жабылған уран кен орындарындағы экологиялық мәселелерді шешу үшін жол картасы әзірленді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кезінде уран өндіріліп, бүгінде жабылған он шақты орны бар. Осы нысандардағы экологиялық мәселелерді шешу үшін өңрде жол картасы әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО экология департаментінің мәліметінше, өңірде жабылған он шақты уран кен орны бар, олар Айыртау ауданындағы «Грачевское», «Косачиное», «Ақан-Бұрлық», №12 және №5 кеніштері, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы «Шақпақ», «Камышовое», №3, №4 кеніштері.

Бұл игерілген кен орындары иесіз қаліп, жергілікті тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген болатын. Темір-терсек жинаушылар қауіпті екенін біле тұра, күзетілмей жатқан нысандарға кіріп, талан-таражға салған, қоршауларын бұзып әкеткен.

Мамандардың айтуынша, кеніштердің аумағында радиация мөлшері әлі де шамадан тыс көп, сондай-ақ ашық жатқан құдықтар бар.

«Басқарма пайдаланылған кен орындарындағы экологиялық мәселелерді шешу мақсатында жол картасын әзірледі. Облыстағы игерілген уран кеніштерінің және кен орындары өндірістік алаңдарының қорғаныс жабындарын қалпына келтіру, қоршау міндеті тұр.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық соттың шешімі негізінде осы аудандағы пайдаланылған уран кеніштері коммуналдық меншікке өтті. Чистополье, Нежинка ауылдық әкімдіктерінің балансына бекітілді. Бұл әкімдіктер тиісті құжаттарды істеп, әділет органдарында тіркеді», - дейді СҚО экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.

Нәтижесінде кеніштерді консервациялау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді, аумағы қоршалып, плиталар төселіп, радиациялық қауіпсіздік белгілерін орнатты.

«Айыртау аудандық әкімдігінің қаулысымен бұрынғы «Грачевское» және «Косачинное» кеніштері коммуналдық меншікке өтіп, Володаровка және Украинский ауылдық округтерінің балансына берілді. «Грачевское 107,8 га-ды, «Косачинное» 15,2 га жерді алып жатыр. Жер учаскелеріне актілер жасалды. Оларды қоршау бойынша құжаттар әзірленді. Енді осы мақсатқа 95 млн теңге қаражат керек, облыстық бюджеттік комиссия оны биыл бекіткен жоқ», - дейді Азамат Бектасов.



Фото: focus.ua





Соңғы жаңалықтар