ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2022

СҚО-да жабылған есірткі сайттарының үштен бірі тұрғындардың көмегімен анықталды

2022 жылғы 3 қазан, 18:57
СҚО-да жабылған есірткі сайттарының үштен бірі тұрғындардың көмегімен анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 167 есірткі сайты бұғатталды, оның үштен бірін жабуға тұрғындар түрткі болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғындары полицейлермен бірге нашақорлық және есірткі қылмысымен белсенді күресіп жатыр. Қазіргі заманғы технологиялар қылмыскерлердің де мүмкіндігін арттыра түсті, тыйым салынған тауарды интернет арқылы сатып, оларды таратушыларды да ғаламтор арқылы жалдауға болады. Полиция қызметкерлерінің бір міндеті - құқыққа қайшы контентті анықтау, ал интернет-«дүкендер», есірткі курьерлерін жалдау туралы хабарландырулар бұғаттау үшін бірден ІІМ-ге жіберіледі. Жыл басынан осылайша 167 ресурс жұмысын тоқтатты. Мұнда бей-жай қарамайтын тұрғындардың да үлесі бар.

«Көбінесе адамдар күдік тудырған сілтемелерді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының Instagram-дағы аккаунтының direct-бөліміне жібереді. Бұл әлеуметтік желі петропавлдықтар арасында танымал, халықпен байланыстың ең белсенді арнасы болып саналады. Жақында синтетикалық есірткі жасырушыны ұстауға көмектескен қала тұрғыны марапатталды. Қылмыскердің әрекетін видеоға түсіріп алған әйел жазбаны көпшілікке жария етпей, бірден біздің аккаунтқа жіберді. Тез арада жеткен қызметкерлер есірткі жасырушыны ұстады», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Сондай-ақ, есірткі қылмысымен күресушілер Facebook, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде белсенді ақпараттық жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында танымал TikTok желісінде де өз жұмыстарын бастады. Барлық жерде полициямен байланыс бар. Сондай-ақ, есірткі құқықбұзушылықтары туралы WhatsApp-тағы +7-707-500-96-65 арқылы хабарлауға болады. Аға буын өкілдері үшін басқарманың кезекші бөлімінің 8 (7152) 39-72-16 телефоны немесе 8 (7152) 39-41-93 сенім телефоны жұмыс істейді.

СҚО-да 9 айдың ішінде 174 есірткі құқықбұзушылығын анықталды, оның ішінде 60-ы өткізу фактілері. Заңсыз айналымнан 411,5 кг түрлі есірткі заты алынды. Оның 2,25 келіден астамы синтетикалық есірткі.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar