СҚО-да зейнетақы қорынан ақша алуға берілген әр үшінші өтініш кері қайтарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жеткілікті шектен асқан соманы алу үшін 8 018 салымшы өтініш берсе, соның шамамен әр үшіншісінің өтініші қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да қаңтар айынан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жеткілікті шектен асқан соманы алу үшін барлығы 8 018 адам өтініш берген. «БЖЗҚ» АҚ СҚОФ барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ғалия Мұқанованың айтуынша, салымшылардың басым бөлігі зейнетақы қорындағы алуға болатын соманы үй жағдайын жақсартуға жұмсамақ болған. Жыл басынан 7 452 адам өтініш жазса, соның 2 605-інің өтініші кері қайтарылды. 10 млрд 119 млн соманың 4790 өтініші орындалды, алайда оның 1 млрд 54 млн теңгесі қайта зейнетақы қорына түскен.

«Жеткілікті шекке жетпесе де, дұрыс түсінбей баспана алуға немесе емделуге өтініш беретіндер бар. Сондай-ақ зейнетақы қорындағы алуға болатын жеткілікті сомаға арыз жазған кезде, дәл сол мөлшерді көрсетеді. Мысалы, ол 1 млн 200 мың теңгені ала алады. Ол соны өтінішінде көресетеді. Бұл дұрыс емес, алуға болатын сомадан 10-20 мың теңгеге кем көрсету керек. Өйткені аударым 5 жұмыс күні ішінде жасалады. Бұл уақытта инвестициялық кіріс өзгеруі мүмкін, құнды қағаздар нарығы құлдыраса, кіріс де азаяды. Яғни шоттағы алуға болатын сома өзгеріп, азаюы мүмкін», - дейді банктің бөлім басшысы Ғалия Мұқанова.

Сондай-ақ құжаттардың мерзімі өткен жағдайда аударым жасалмайды.

«Егер адамның шекті сомадан артық қаражаты болса, біз кез-келген жағдайда аударым жасаймыз. Ол «Отбасы банкке» немесе басқа бір оператор банкке кетуі мүмкін. Бірақ оның қолданғысы келген мақсаты тізімде жоқ болса, онда ақшаны пайдалана алмайды. Шекті соманы жер сатып алуға жұмсау үшін өз талаптары бар» - дейді Ғалия Мұқанова.

Солтүстікқазақстандық салымшылардың 517-сі жинақ есепшотындағы қаржысының шекті мөлшерден асқан бөлігін емделуге алмақ болған. Олардың 91-інің ойы жүзеге аспады, 409 адам мүмкіндікті пайдаланып, 333 млн теңгені жұмсады. Мерзімінде қолданылмағандықтан 105 өтініш бойынша 52 млн теңге қайта зейнетақы қорына қайтарылды.

Ал жекеменшік қаржы компаниялардың басқаруына беру мақсатында шекті мөлшерден асқан соманы алу үшін 49 салымшы өтініш берген. Олардың 17-сінің өтініші кері қайтарылса, 29 адам 12 млн теңгесін алып, мүмкіндікті пайдаланды.



Соңғы жаңалықтар