СҚО-да заңсыз жалға берілген 4,5 мың га жер қайтарылды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жалға заңсыз берілген 4,5 мың га жер қайтарылды. Осы бойынша сотқа 18 талап түсіп, соның 15-і қанағаттандырылған. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің тиімді қолданылуы да мамандардың бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, ведомство былтыр 547 мың га жерге 368 тексеру жүргізді. Оның 544 мың га - ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер. Нәтижесінде 375 мың га алқапқа қатысты 96 заң бұзушылық анықталған. Соның тек 82 мың га-ы бойынша ғана олқылықтар жойылды.

«Шаруашылықтар жайылымға арналған және егіс алқаптарын мақсатсыз қолданған немесе мүлде пайдаланбай, ол жер бос жатқан. Ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді қолданылуы, жер заңнамасының орындалуы мамандардың бақылауында. Шаруалар жерді тиімді пайдаланбаған жағдайда айыппұл салынады. Сондай-ақ бос жатқан жер учаскесі үшін кәсіпкерге 20 есеге ұлғайтылған салық ставкасы қолданылады», - дейді СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіш.

Маманның айтуынша, нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою туралы 96 ұйғарым берілді, ал еселенген салық ставкасын қолдану үшін құжаттар Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді.

Былтыр жергілікті атқарушы органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері қабылдаған шешімдердің заңдылығына қатысты 145 тексеру жүргізілді, 97 заң бұзушылық анықталды.

Департамент елді мекендер аумағында берілген жерлердің заңдылығын да тексерді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың шешімін жарамсыз деп тану туралы 21 талап арыз берді, бұл - жалпы ауданы 4 га жуық жер.

«Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы 26 учаске бойынша былтыр тексеріс жүргізілді. Олар трасса бойынан және сол жердегі ағаш екпелері маңынан үлестірілген. 19 учаскенің жер заңнамасының және «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңын бұза отырып берілгені анықталды. Яғни, ауылдың бас жоспарына сай келмейді немесе қызыл сызықтан берілген. Ол жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады», - дейді Бақытжан Бекіш.

Сондай-ақ сот жалпы аумағы 4,7 мың га жер учаскелерін жалға беру шарттарын жарамсыз деп тану туралы 18 талап арызды қарады, соның 15-і қанағаттандырылып, 4,5 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар