СҚО-да заңсыз аң аулағандар жазаға тартылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз сібір елігін атып алды деген күдікпен ауылдың екі тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері заңсыз аң аулады деген күдікпен жергілікті екі тұрғынды ұстады.

Тәртіп сақшылары «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдке шыққан. Орман ішінде полицейлер екеуді көріп, тексеру үшін тоқтатпақ болады, алайда олар қашып кетуге тырысады.

31 және 33 жастағы ауыл тұрғындарының қашатындай жөні бар екен, оқиға орнынан сібір елігінің мүшеленген еті, 12-ші калибрлі ИЖ-43 аңшы мылтығы, патрондар мен гильзалар, пышақ тәркіленді. Тексеріс барысында мылтық тіркелмеген болып шықты.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Өңір табиғатына келтірілген шығын мөлшерін анықтайтын сараптамалар тағайындалды.

«Адамдар тобымен жасалған заңсыз аңшылық 5 мың АЕК көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не мүлкін тәркілеп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын еске саламыз. Бұл биыл ауданда анықталған заңсыз аң аулаудың алғашқы фактісі», - дейді Жамбыл ауданы ПБ бастығы Асан Мейрамов.

«Браконьер» іс-шарасы облыс аумағында 20 қазаннан бастап жүргізілді. Осы сияқты қылмыстарға жол бермеу бойынша жұмыс күшейтілді. Бұдан бөлек, мүдделі ұйымдардың өкілдерімен бірлесе құрылған мобильдік топтар рейдтік іс-шараларды қарқынды түрде қолға алды. Акция өткен уақытта облыс аумағында барлығы заңсыз аңшылықтың 9 фактісі анықталды.


Соңғы жаңалықтар