СҚО-да волонтерлер биыл жоғалған 9 адамды табуға көмектесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда осыдан екі жыл бұрын ашылған «СҚО-дағы іздестіру жасағы» волонтерлер қозғалысы биыл полицейлерге хабар-ошарсыз кеткен 9 адамды іздеп табуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «СҚО бойынша іздестіру жасағы» волонтерлер қозғалысы екі жылдығын атап өтті. Бұл бірлестіктің еріктілері екі жылдан бері полицейлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.

«Петропавл аумағында жоғалғандарды іздеу үшін шамамен 50-70, ал аудандарға шығу үшін 30-40 адамды жұмылдырамыз. Операцияға бір мезетте 100 шақты жасақ мүшесі қатысқан кездер де болды. Ал алыс аудандарға бару үшін полиция автобус бөледі. Тәртіп сақшыларымен бірге орманды, қараусыз қалған құрылысты, құдық пен басқа да орындарды тексереміз. Біз әлеуметтік желідегі белгілі пабликтердің әкімшісімен байланыс орнатқанбыз. Із-түзсіз кеткендер жайлы бағдар қалаға тез тарайды. Қолданушылардың ақпараты нәтижелі іздеу жүргізуде көмегі зор», - дейді «Іздеу жасағының» жетекшісі Евгений Соловьёв.

«Іздестіру жасағы» қозғалысы екі жылдық жұмысын қорытындылап арнайы бейнеролик дайындады. Мұнда волонтерлердің атқаратын жұмысы көрсетілген. Олар есірткіге қарсы күрес акциясына белсенді қатысады, беймезгіл уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша түнгі рейдке шығады. Карантин шектеуі күшейтілген кезде жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек таратып, әлеуметтік қызметкерлердің де жүгін жеңілдетті.

СҚО ПД Кримналдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климовтың айтуынша, биыл «СҚО бойынша іздеу жасағы» 32 іздеу іс-шарасына қатысып, олардың көмегімен 9 адам табылды.


Соңғы жаңалықтар