СҚО-да ВИЧ жұқтырған мыңнан астам адам есепте тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған мыңнан аса адам диспансерлік есепке алынса, соның 14-і бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл есепте тұрған балалардың саны бірден төрте есеге артқан. Сырқат балалардың көбеюіне олардың еліміздің басқа өңірлерінен, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келуі себеп болған.

«ВИЧ жұққан балалардың ең үлкенінің жасы бүгінде 12-де. 2006 жылы, желтоқсан айында туған. Отбасының тұңғышы. Ата-анасымен тұрады, жалпы білім беретін мектепте оқиды. Антиретровирусты терапиядан өтіп, қажетті дәрі-дәрмекті алып тұрады», - дейді орталықтың емдеу-профилактикалық жұмыстар және диспансеризация бөлімінің меңгерушісі Ольга Шилкина.

СҚО-да ВИЧ жұқтырған алғашқы бала Қызылжар ауданында анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, қыз бала үнемі Мәскеу қаласында ем қабылдаған. Алайда 13 жасында балалар үйінде қайтыс болыпты.

«Баланың сырқат екенін жария етуге біздің құқымыз жоқ. Әке-шешесі жазба түрде рұқсат берген жағдайда ғана белгілі бір адамдар хабардар болуы мүмкін. Жалпы ВИЧ сырқаттардың мәртебесін ашпауды республикалық, қоғамдық ұйымдардың бастамасымен өтетін арнайы семинар-тренингтерде үйретеді», - дейді Ольга Шилкина.

Сәбилерге көп жағдайда инфекция анасынан берілсе, жасөспірімдер есірткі қабылдау барысында және ерте жастан қорғанышсыз жыныстық қатынасқа түскенде жұқтырады.

Ольга Шилкинаның айтуынша, екіқабат әйелден инфекция табылған жағдайда бірден антиретровирус терапиясынан өтеді. Сәбиге да ВИЧ-ке қарсы дәрілер оның салмағына қарай сироппен беріледі. Егер де емдеу шаралары дер кезінде қолға алынса, көп жағдайда бала ауырмайды екен.

Соңғы жаңалықтар