СҚО-да вакцина егде жастағы адамдарға үйіне барып салынады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында вакцинация қарқыны төмендеп кеткен. Екпе алмағандардың басым бөлігі - егде жастағы адамдар. Олардың көпшілігіне емханаға барып вакцинациядан өту қиын. Сондықтан бүгіннен бастап мамандар сұранысқа қарай үйлеріне барып екпе жасайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, қазіргі уақытта күніне 250-450 адам ғана коронавирусқа қарсы екпе алып жатыр.

Жазда бұл көрсеткіш 3-5 мың адамға жеткен.

Қазіргі кезде негізінен отбасы мүшесі қатты ауырып, содан кейін ғана екпе алуға бел буғандар кеп жатыр. Олардың барлығы - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

«Әлі күнге дейін қоғам коронавирустың емі жоқ екенін түсінбейді. Бұл инфекция емделмейді. Біз тек оның белгілерімен күресеміз. Біз сырқаттарды стационардан шығарғаннан кейін де оның жағдайы бір жылға дейін дұрысталмайды. Бірақ мұны отбасында коронавируспен ауырғандар болмаса, көзбен көрмесе көбі түсінбейді. Қауіпті инфекция ең алдымен өкпені зақымдайды. Ал ол - адам ағзасындағы өмір сүруге аса қажет негізгі органдардың бірі. Біз – медициналық қызметкерлер, вакцинацияның нәтижесін көрдік. Ия, екпе алып, ауырып жатқандар да бар. Жұқтырғандардың 56 пайызы оны жеңіл түрде өткерген. 1224 адам, бұл барлық вакцина алғандардың 0,5 пайызы, инфекциялық стационарларға орташа ауырып түсті. Сондай-ақ вакцинациядан өткендердің 63-і жансақтау бөлімшелерінде жатты. Екпе алған 11 адам қайтыс болды. Салыстырмалы түрде алсақ бұл төмен көрсеткіш. Ал вакцина алмағандарға келетін болсақ, 1 ақпаннан осы күнге дейін 9 416 адам инфекциялық стационарда ем алды, олардың барлығына оттегі аппараты қажет болды. 1375 жансақтау бөлімшелерінде жатты», - дейді Нұрлан Айманов.

СҚО-да қазіргі уақытта вакцинаның бірінші компонентімен 255 мың алды, бұл жоспардың 69 пайызы. Толық курстан 238 мыңнан астам адам өтті.

Әлі де 115 мыңнан астам адам екпе алуы қажет. Олардың басым бөлігі – 60 жастан асқан асқандар.

«Екпе алмағандардың негізгі бөлігі Петропавлда және бес ауданда шоғырланған. Олардың бізде тізімі бар. Бүгіннен бастап біз вакцинацияны үйде жүргізуге шешім қабылдадық. Өйткені кейбір егде жастағылар вакцинаны алғылары келеді, алайда, емханаға бара алмайды. Сондықтан әкімдік өкілдерімен барып, түсіндіреміз, маңызын айтамыз, келіскен жағдайда екпе егеміз. Вакцина жеткілікті, екпе пункттері бар. Вакцинациядан қорқудың қажеті жоқ, асқынған жағдайлар тіркелмеді», - дейді Нұрлан Айманов.


Соңғы жаңалықтар