СҚО-да үздік полиция қызметкері автокөлікке ие болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - СҚО полиция департаменті өткен жылғы жұмысын қорытындылап, үздік атанған полиция қызметкерлеріне автокөлік және ақшалай сертификаттар табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы облыста қылмыс жасау көлемі 5,6%-ға төмендеді. Сол сияқты қоғамдық орындар мен көшелерде және де кәмелетке толмағандардың, бұрын сотталғандар мен масаң күйде жасалған қылмыстардың санын азайтуға қол жеткізілді. Сонымен қатар, өңірде ең кең тараған қылмыс - бөтеннің мүлкін ұрлау саны азайған. Қылмыстың жалпы ашылуы 70,1% құрап, жыл бойы 78 қылмыскер ұсталды.

«Арнайы құралған комиссия егжей-тегжейлі талдаудың негізінде аудандық полиция бөлімдері жұмысының қорытындысы бойынша рейтинг жасады. «Кадр және тәрбие жұмысы» номинациясында ІІІ орынға Мамлют ауданының полиция бөлімі ие болды. ІІ орынды Есіл ауданының полиция бөлімі еншіледі. І орынды Тайынша аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтанов қанжығасына байлап, «LADA Vesta» жаңа автокөлігінің кілтін алды» делінген хабарламада.

Одан бөлек, жедел қызметтік жұмыс бойынша қорытынды жасалды. Оның нәтижесінде ІІІ орынды Шал ақын аудандық полиция бөлімі иеленді (300 мың теңгенің сертификатымен бірге), ІІ орын Уәлиханов ауданының полиция бөліміне (500 мың теңгенің сертификаты) бұйырса, І орын мен 1 млн теңгенің сертификаты Жамбыл аудандық полиция бөліміне табыс етілді.



Айта кетейік, биылғы жыл полиция ведомствосында «Есірткісіз болашақ жылы» деп жарияланған.

Соңғы жаңалықтар