СҚО-да үздік баспасөз хатшысы анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ҚР Журналистер Одағының филиалы жылды қорытындылап, БАҚ саласының үздіктерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Журналистер Одағының филиалы дәстүр бойынша түрлі аталымдар бойынша үздіктерді анықтап, марапаттады. Жылдың үздік баспасөз хатшысы болып СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы – Динара Сағындықова танылды.

Полицияның подполковнигі баспасөз қызметіндегі әріптестері сияқты тәулік бойы журналистермен байланыста, олар үшін мереке, демалыс жоқ деуге болады. Кәсіби мейрам қарсаңында Динара өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хатымен де марапатталды.

Динара Сағындықова ішкі істер органдарына 15 жыл бұрын келді. 2005 жылы оны қызметке алу туралы бұйрыққа сол кездегі СҚО Полиция департаментінің бастығы Ерлан Тұрғымбаев қол қойды.

«Еркін қалам тербеп үйренген маған бастапқыда ведомствоның қатаң шеңбері аясында жұмыс істеу қиынға соқты. Бірақ тату, ынтымағы жарасқан ұжыммен тез тіл табысып, үйренісіп кеттім. Баспасөз қызметкері әмбебап жауынгер болуы керек: өзі - фотограф, өзі – оператор, өзі ақпарат жинап,оны заң аясынан шықпай, бірнеше қайтара тексеріп барып жазуы қажет. Қоғамдық маңызы бар ақпаратты беруде біреуге басымдық беруге болмайды», - дейді полиция подполковнигі.

Үнемі ізденіс үстінде, өз білімін жетілдірумен жүретін Динара қазір «Журналистика» мамандығы бойынша магистратурада оқиды. Заман ағымынан қалмауға тырысады. Былтыр Ресейде өткен «Щит и перо» атты халықаралық байқауда «Ынтымақтастық» аталымында оның «Дорога славы» атты еңбегі жеңіске жетті.

Динараның жолдасы Абай да полицияда қызмет етеді, патрульді полиция батальонының взвод командирі, түрлі музыкалық аспаптарда ойнайды. Қызы Анель әкесі сияқты өнерге жақын, ол – өнер колледжінің 2 курс студенті болса, ұлы Батырхан мектеп-лицейдің 6 сыныбында оқиды.

«Тұрғындарды құқық қорғау органдарының күнделікті жұмысынан хабардар етудегі біздің еңбегімізді қоғамның бағалап, ескеріп жатқанына қуаныштымыз. Динара Амангелдіқызы – жұмысына жан-тәнімен беріліп, үлкен жауапкершілікпен істейтін сенімді әріптес. Қандай мәселенің болмасын мәнін бірден түсініп, қажетті шешім қабылдай алады. Шығармашылық қабілеті өте жоғары, тез тіл табысқыш», - дейді СҚО Полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Мәдина Балғашоқова.


Соңғы жаңалықтар