СҚО-да ұялы телефон ұрлығына қатысты 255 дерек тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар биыл ұялы телефон ұрлығына қатысты полицейлерге 255 рет арызданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ұрылар үшін ұялы телефон – оңай олжа. Көп жағдайда қылмыстың бұл түрі ішімдік ішу барысында жасалады. Сондай-ақ мұндай ұрлыққа негізінен жәбірленушілердің бөтелкелестері барады екен.

Тамыз айының соңында Петропавл тұрғыны пәтерінен 140 мың теңгенің «Huawei» маркалы ұялы телефоны ұрланғанын айтып арызданды. Оның үйінде бұрын сотталған танысы қонақта болған. Пәтер иесі мобильді құрылғыны қуаттандыруға қойған және танысы кеткеннен кейін оның жоғалғанын байқаған. Күдіктіні сол күні тәртіп сақшылары ұстады.

«Ұялы телефондардың тағы бір жиі жоғалатын жері – көңіл-көтеру орындары, - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов. - Көбіне ішімдікке масайған адамдар телефондарын жоғалтып, ұрлық туралы арызымен полицияға жүгінеді. Мұндай жағдайлар кримналдық статистикаға кірмейді, алайда олар бойынша толық көлемде жедел-іздестіру іс-шаралары өткізіледі. Тағы бір жағдайда жәбірленушілер телефондарын үстел үстінде қалдырады. Қараусыз қалған затты өтіп бара жатқан біреу қолды қылады. Мұндайда бізге бейнебақылау камералары көмекке келеді. Жалпы адамдардан қырағылық танытып, өз мүлкіне сақтықпен қарауды сұраймыз».

Жыл басынан СҚО-да 255 ұялы телефон ұрлығы тіркелді. Оның қазіргі уақытта 77-сі ашылған жоқ, қалғандары бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар