СҚО-да үй жануарлары жыртқыш аңдардан құтырма ауруын жұқтырып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтардың бірінде ірі қара мал құтырма ауруын түлкіден жұқтырып, асыл тұқымды сиыр өсірумен айналысатын серіктестікке шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының жетекшісі Берік Әлжановтың айтуынша, Тимирязев аудандық ветеринариялық қызметтен жедел хабарлама түскен. Докучаев елдімекеніндегі «Атамекен-Агро-Тимирязево» ЖШС-де бір ірі қара малда құтырма ауруының белгілері болған. Сол күні малдың көзі жойылды. Патологиялық материал алынып, зертханаға жеткізілді. Сараптама нәтижесі оның құтырма ауруын жұқтырғанын растады.

«Ветеринариялық талаптарға сай осы шаруашылыққа шектеу шаралары енгізілді. Ол 60 күнге созылады. Бұл уақытта шаруашылықтан малды шығаруға және кіргізуге болмайды. Қазіргі уақытта серіктестіктегі басқа малдан ауру анықталған жоқ. Бұл дәл уақытында тиісті шараларды қолданудың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Яғни ауру мал тұрған жер дезинфекцияланды, ауру сиыр өртенді. Қалған мал бақылауға алынды», - дейді Берік Әлжанов.

«Атамекен-Агро-Тимирязево» ЖШС-гі асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Шаруашылықта етті бағыттағы 1600 ангус тұқымдас сиыр бар. Жануарлар ашық қашада тұрады екен.

«Аурудың пайда болуының негізгі себебі – жыртқыш жабайы аңдардың елдімекендерге, шаруашылықтарға кіруі. Биыл қыс қатты болды, жабайы аңдар қорек таба алмай ауылдарға кіріп кетті. Олар малды қауып, сиыр содан жұқтыруы мүмкін. Бұл жолы қауіпті ауру түлкіден жұққан. Ал басқа малдарға сілекей арқылы, жемшөп арқылы да жұғуы мүмкін. Қазір шаруашылықта жағдай тұрақты», - дейді басқарма басшысы.

Маманның айтуынша, құтырма ауруын жұқтырған жануардың сілекейі ағады, жүйке жүйесінің зақымдануына байланысты қозады. Судан, жарықтан, адамдардан қорқып, тамақ ішпей қояды.

Құтырма ауруына қарсы вакцина бар. Биыл СҚО бойынша 53 мың малға екпе жасау жоспарланған. Берік Әлжановтың айтуынша, вакцина алынды, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екпе ауру малдың ошағы табылған уақытта сол жақын жердегі малдарға егіледі.

Соңғы рет ақпан айында Мамлют ауданы Меңгесер ауылындағы жекеменшік малда құтырма ауры тіркелді. Ол жолы да бір сиырдан анықталды. Ондағы ауру мал жойылып, қалған сиырларға толық вакцина егілді.


Соңғы жаңалықтар